top of page

АҚҰШТАП БАҚТЫГЕРЕЕВА


Ақұштап Бақтыгереева 1944 жылы 23 тамызда Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақжайық ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар пединститутының филология факультетін тәмамдаған. 1966–1971 жылдары Орал облыстық «Орал өңірі», Талдықорған облыстық «Октябрь туы», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, 1971–1972 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1972–1975 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, 1975–1981 жылдары «Жазушы» баспасының аударма редакциясында редактор болған. Қазір Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы филиалының директоры.

Тұңғыш өлеңдер жинағы – «Өрімтал» 1967 жылы жарық көрді. «Наз» (1969), «Қанышым – іңкәрім» (1971), «Сені ойлаймын» (1973), «Ақ қанат» (1975), «Бақыт әні» (1978), «Жайық қызы» (1980), «Белокрылая» (1981), «Ақжелең» (1985), «Сүмбіле» (1990) атты кітаптары басылып шықты. 2001 жылы «Ақ шағала» атты таңдамалы жыр жинағы, 2004 жылы «Лебединая верность» атты жинағы жарық көрген. С.Капутикян, В.Тушнова, А.Ахматова өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Көптеген ән мәтіндерінің авторы.


Ақжайық арнаға түс арындама


Ақ жайық, арнаға түс арындама

Ару Жайық, ерке өзен, сабырлағын,

Бұл көктемде сен неге арындадың?

Құм мен тастан өрілген жарқабаққа

Ғажап болды-ау осынша бағынбауың.

Жайсаң қызға ел сені тең деп еді,

Мінезіңді адуын көрмеп еді.

Әлде сенің жанынды қинады ма,

Жарты ғасыр Нарынның шөлдегені.

Табиғатқа, тағдырға бағындың да,

Қыста ұйықтадың мүз көрпе жамылдың да.

Ақ айдынға аққулар еркелейтін,

Бір дәуренді өзің де сағындың ба?

Суың-кәусөр, өзің-нәр, ақылдысың,

Бары анық бойыңда батыл күштің.

Егеменді елге өзен болғаныңа

Асып-тасып қуанып жатырмысың?

Қазір саған құлаштап жүзе алар кім,

Неге сонша арнаңцы бұза-жардың?

Бәлкім сенің өмірде бар-жоғынды

Елемеген жандарға ызаландың.

Түскен талай тасқынның азабына

Дәуір менен тағдырдың мазағына.

Етек-жеңін жинауды сен үйретші

Даландаған даланың қазағына.

Мекендеген жағаңды ырыстылар

Биыл белге бидай мен күріш тұнар.

Тарихы бар, тегі бар өзеннің де

Көрсеткені бір мінез дұрыс шығар.


bottom of page