Дюсембаева Сымбат Қармысқызы Атырау қаласының жас натуралистер стансасының «Орнитология» үйірмесінің 2-санатты қосымша білім беру педагогі
Жер бетіндегі өмір сүріп жатқан жануарлардың арасында адамзат баласына ең жақыны — ит. Ит адамның қолға үйреткен ең алғашқы үй хайуаны. Иттерге тән қасиет-адалдық, сезімталдық және төзімділік. Осындай ерекше қасиеттері мен адамның да қолынан келе бермес ерліктері үшін құрметке бөленіп, тіпті мүсін орнатылған, аттары аңызға айналған иттер тарих жадында сақталып қалған.
11 қаңтар - Халықаралық иттер күні болып белгіленген. Осыған орай, «Орнитология» үйірме мүшелерінің ұйымдастыруымен атаулы күнге арналған «Ит – жеті қазынаның бірі» тақырыбында тәрбиелік шарамыз өтті.
Шарамыздың негізгі мақсаты: иттердің шығу тарихы, олардың түрлері, тіршілігі, мекен ортасы туралы мәлімет беру. Кинолог мамандарын шақырта отырып, иттердің адамға тигізетін пайдасы туралы таныстыру болатын. Сондай –ақ, үйірме мүшелері иттердің түрлі маңызы туралы өздері дайындап әкелген ақпараттарымен бөлісіп, қатысушыларды кеңінен таныстырды.
Тәрбиелік шарамызға арнайы қонақ ретінде Атырау облысы Полиция департаменті, кинология қызметі орталығының аға инспекторы, кинолог маман Ержанов Ринат Лесұлы қатынасып, қызметтік иттерді тәрбиелеу, осы жұмыс барысындағы маңызды бағыттар туралы мағлұматтар берді.Үйірме мүшелері дайындап әкелген мәліметтерден кейбіріне тоқтала кетейік.
Ит – қасқыр тұқымдасына жататын жыртқыш. Иттер шамамен б.з.б. 15 – 10 мың жыл бұрын қолға үйретілген деп есептеледі. Бұлар – нағыз етқоректі жануарлар. Тістерінің ішінде ең жақсы дамығаны – азу тісі. Иттер 3 топқа бөлінеді: аңшы иттер, күзет иттер және үйде сән үшін өсірілетін болып бөлінеді.
Аңшы иттер — терісі мен еті үшін ауланатын жануарларды ұстауға баулынған ит тұқымдары. Оларға: тазы, иір құйрық аңшы иттер, іншіл иттер т. б. жатады.Тазылар аңды қуып жүріп ұстайды. Олар сағатына 90 км шапшаңдықпен жүгіреді.Тазыларды қоян мен түлкіге, ұсақ тұяқты
ларға, кейде қасқырға да салады.
"Құмай тазы" қазақтың ертеден келе жатқан аңшы иті. Ол өте жылдам әрі алғыр, 6 айынан бастап аңшылыққа үйретеді, 8-9 айында аңға қосады. "Құмай тазы" аңшылыққа тез үйреніп кетеді, оның өзінің аңшылық қасиеті болады. "Құмай тазының" өзге иісі болмайды.
Құмай тазы 1,5-2 жасында толық жетіледі. 58-65 күн өткенде көздері жұмылған, құлағы естімейтін, тіссіз қызыл иек, соқыр, саңырау күшіктер туады. Шамамен бір апта өткенде құлақ тесіктері ашылып, онан тағы он күн өткенде көзін ашады, бір айда сүт тістері шығады. Қазақтар бауырын жаңа көтерген кезінде тазы күшігін қарғыбауын беріп, үйіне әкеледі де, мәпелеуді бастайды.
Күзет иттер - қызметтік мақсатқа пайдалану Ежелгі Рим мен Грекиядан басталғаны белгілі. Ал тұқымына қарай сұрыптап, шаруашылықтың әр саласына пайдалану ХІХ ғасырда жандана түсті. Қызметтік иттер бір адамға үйреніп, сол адамның ғана бұйрығын орындайды. Ал екінші адамға үйрену үшін 2-3 жыл уақыт керек.
Күзет иттерінің тұқымдарын армия, шекара күзеті, милиция істерінде, әр түрлі объектілерді күзетуге пайдаланады. Иттің бұл тұқымдарына неміс овчаркасы, Кавказ, Орта Азия овчаркасы, орыстың оңтүстік овчаркасы, шотланд овчаркасы т.б. түрлері жатады. Бұл иттер мемлекет шекарасын қорғауға, әскери және өндіріс т. б. халық шаруашылығы объектілерін күзетуге, сондай-ақ із кесу, кен-газ іздеу, іздеу-құтқару және басқа да арнайы байланыс, мина іздеп табу жұмыстарына ойдағыдай пайдалануда.
Сән үшін өсірілетін иттер.
Ғарышқа ең алғаш болып ұшқан да ит. Лайка, Белка және Стрелка ғарышқа қазақ жерінен аттанып, жерге есен-сау оралды. Ғарышкер иттердің аттары тарихта мәңгі қалды. Оларға Ресейде ескерткіш орнатылды.
Иттің тағы бір қызметі, ол туа біткен, сал ауруларына ұшыраған балаларға тигізетін көмегі, яғни осы ауруларды иттердің көмегімен емдеуге болады. Бірақ, бұған иттің барлығы түрі пайдаланылмайды. Тек қана лаврадор тұқымды иті ғана пайдаланылады. Қазір біздің қалада итпен емдеу қолға алынған. Оны жүргізіп отырған «Атырау - маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ерлан Күмісқалиев. Итпен емдеуді- «канистерапия» деп атайды.
Тәрбиелік шараның екінші бөлімінде қатысушы қонақ мамандар станса ауласында қызметтік иттердің қабілеттерін үйірме мүшелеріне практикалық түрде көрсетіп, таныстырып өтті.
«Ит - жеті қазынаның бірі» деп қастерлейтін қазақ ежелден төрт аяқты жануар- ит тұқымын қатты сыйлап, қадір тұтқан. Ит қазақтың өмірімен, тіршілігімен, шаруашылығымен біте қайнасып кеткен. Ит туралы түрлі аңыз әңгімелерде де жетерлік. Ендеше, оны қадірлей білу-ұрпаққа міндет.