top of page

Қызылорда қаласының мектебінде Әскери даңқ кабинеті ашылды


Республика күніне орайластырылған іс-шара Мұхамедғали Сужиков атындағы № 6 Қызылорда орта мектебінде өтті.

Мемлекет қайраткері Мұхамедғали Сужиков партия органдарында жауапты қызметтер атқарды. 1954-1958 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болды.

Мектеп қашанда өзінің түлектерімен мақтанады. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры Георгий Ковтунов, 2008 жылы тікұшақ апатынан қаза тапқан Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник Қазыбек Төреманов та бар.

Салтанатты шара Мұхамедғали Сужиковтың бюстіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.

Іс-шараға қатысушыларға осы мектептің түлегі Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мұхамеджан Таласов құттықтау жолдады.

Әскери даңқ кабинетінің ашылуына Қызылорда облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Ғалымжан Тасжанов, «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық балалар-жасөспірімдер қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев, қалалық білім бөлімінің басшысы Ерлан Боданов, полковник Қазыбек Төремановтың жесірі Светлана Төреманова, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ардагері полковник Қорғанбек Қайроллаев, Георгий Ковтуновтың немересі Олег Валяев қатысты.

– Қорғаныс министрлігі жастарды патриотизмге тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Біздің қозғалысымыздың бірінші филиалы да Сырдария жерінде ашылған. Дәл осы жерде Қызылорда облысында жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу саласындағы өзара ынтымақтастық туралы алғашқы меморандум жасалды, – деді «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы Мейірбек Меңдіғалиев.

Әскери даңқ кабинетінде Мұхамедғали Сужиковтың өмірбаяны, мектептің атақты түлектері, әскери киім үлгілері, жабдықтар мен естелік заттар қойылған.

Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудегі еңбегі үшін бірқатар мектеп мұғалімдері алғыс хаттармен марапатталды.

Қызылорда облысының «Жас сарбаз» қозғалысы тәрбиеленушілері жыл сайынғы «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынында екі рет жеңіске жетті. Бұл әскери-патриоттық клуб жетекшілері мен өскелең ұрпақ ұстаздарының да қажырлы еңбегінің нәтижесі деуге болады.

Дереккөзі: https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/641989?lang=kk

bottom of page