top of page

Жезқазған мұражайына Сәкен Сейфуллин бейнеленген қолдан жасалған кілем сыйға тартылды

Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайында "Тарихта өз есіміңді қалдыр: мұражайға 30 жәдігер сыйла" акциясының қорытындысы шығарылды. Іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Халықаралық мұражайлар күнін мерекелеу аясында ұйымдастырылды.

Қаңтардан мамырға дейін мұражай қоры 60 құнды және сирек кездесетін жәдігерлермен толықтырылды. Ұлытау-Жезқазған өңірінің тұрғындары акцияға үн қосып, ұзақ жылдар бойы сақталған заттарын сыйға тартты. Бұл тұрмыстық заттар, фотосуреттер, қолдан жасалған кәдесыйлар, кітаптар. Кейбір заттар атақты жезқазғандықтарға тиесілі.

Жаңа жәдігерлер көрмесінде қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Сәкен Сейфуллин бейнеленген кілемді көруге болады. Ол ақын-жазушының жүз жылдығына орай Арқалықта тоқылған. Осы уақытқа дейін ол білім ардагері Қабден Әбілқайыровтың үйінде ілініп тұрған.

Еңбек ардагері Сейітқасым Мырзатов мұражайдың мұрағат қорына Қазақ Кеңес энциклопедиясының бас редакторы академик, профессор Мұхаметжан Қаратаевтың пальтосын тапсырды.

Жезқазғандық фотограф Виктор Шавнев пен "Жезказганский вестник" газетінің редакторы Эльвира Алпанбаева фотосуреттердің сандық мұрағатын табыстады. Бұл жинақ 13 жыл бойы жиналған. Мұнда мемлекеттің бірінші тұлғаларының сапарлары, ғарышкерлердің кездесуі және қаланың ең маңызды оқиғалары бар.

– Бұл материалдың тарихи құндылығы ғана емес, тәжірибелік құндылығы да бар. Біз көрмелер мен іс-шараларды жиі өткіземіз, енді фотоларды іздеудің қажеті жоқ, – деп бөлісті мұражай директоры Раушан Қапарова.

Тұрмыстық заттардың ішінде 80-ші жылдарда қолданылған жұмыс істейтін магнитофон, сода сифоны бар. Жезқазған мұғалімі Бақыт Махатова өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары танымал болған медициналық энциклопедия мен сервизді болашақ ұрпақтарға сыйға тартты.

"Өз атыңды тарихта қалдыр" акциясы 15 жылдан астам уақыт өткізіліп келеді және жыл сайын мұражай жаңа жәдігерлермен толықтырылып отырады. Өткен жылы жезқазғандықтар қорларға 130 бірегей зат тапсырған.


bottom of page