top of page

Жас сарбаздар Арыс қаласында әскери өмірмен танысты

«Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы облыстық филиалының «Арыс» және «Барыс» әскери-патриоттық клубының басшылары мен тәрбиеленушілері үшін Арыс қаласындағы әскери бөлімде «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.

Әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері әскери бөлімдерге экскурсия жасады. Оның ішінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер тұратын казармалар, әскери даңқ мұражайы, спорт қалашағы, асхана қызметі бар.

Сонымен қатар, тәрбиеленушілер үшін саптық алаңда қару жарақ пен әскери-техника үлгілерінің көрмесі өткізілді. Әскери қызметшілер балаларға заманауи атыс қаруының мүмкіндіктері, әскери машиналар мен байланыс құралдарының техникалық сипаттамалары туралы түсіндірді.

Бөлім командирі полковник Темірбек Ерімбетов Жас сарбаздарға арнаған сөзінде жас патриоттарға оқуда да, спортта да жеңіске жетуді, еліміздің мақтанарлық азаматы болуды тіледі.

Шара соңы мерекелік кешке ұласып, оқушылар өздері шығарған өлеңдер мен әндерді орындап, естелікке қолдан жасалған сыйлықтарын табыс етті.



bottom of page