top of page

«Umai» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары

Өнер саласындағы біртуар қайраткерлердің есімін анықтап, отан­дық мәдениеттің дамуына және ілгерілеуіне ықпал ететін «Umai» ұлттық сыйлығының биылғы жеңімпаздары белгілі болды. Елорда төріндегі «Астана Опера» театрында өткен «Umai-2023» ұлт­тық сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсіміне Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент Мәжілісінің де­­пу­тат­тары, қоғам қайраткерлері, мәдениет майталмандары қатысты.

Кәсіби шығармашылық ұжым­дар мен жекелеген өнер қайрат­­керлерін елеулі шығарма­шылық жетіс­тіктері үшін қолдауға бағыт­талған байқау биыл екінші рет ұйым­дастырылды. Жүлде қоры 79 мил­лион теңгені құрайтын 29 мү­сін­ше мен ақшалай сыйлық кө­рер­мен­нің ыстық ықыласына бө­лен­ген өнер ұжымдары мен таланты­мен тамсандырған мәдениет майталмандарына табыс етілді.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімін­де құт­тықтау сөз сөйлеген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Umai-2023» ұлттық өнер сыйлығы елі­міз үшін ерекше маңызға ие екенін жеткізді.

«Өнер руханиятты қалыптас­тыруда маңызды рөл атқарады. Атақты жазушы Мұхтар Әуезов бейнелеу өнерінсіз мағыналы болмыс жоқ екенін айтқаны белгілі. Өнер шын мәнінде ұлттың дамуына негіз болып саналады. Ал өнер адамы қоғамды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы ынта-жігері берік, елімізді ұлы дәрежеге көтере алатын ұрпақ қалыптастыруға ерекше мән беріп келеді. Біздің өнері­міз бен мәдениетіміз қоғамдық тұл­ғаны тәрбиелейді. Бұл біздің болашағымызға қажет рухани саясат. Мемлекет басшы­сының жүргізіп отырған барлық бастамасы мен реформасының түпкі мақсаты – мемлекетіміз үшін ортақ іске елеулі үлес қосатындарға жан-жақты қолдау көрсету. «Umai» сыйлығы да осындай қолдаудың жарқын көрінісі», деді министр.

Сондай-ақ сыйлықтың өзегінде әдемі салтанат емес, ең алдымен, еңбек, таудай талап, терең білім мен ойлы өнер жат­қанын атап өтіп: «Мойындауымыз керек, жоғары адамгершілік, мәдени және білімді қоғам құру жөніндегі рухани миссия бәріне бірдей қолжетімді емес. Бірақ бұл құрметке ие бол­ған әрбір адам мыңдаған және мил­лиондаған адамға үлгі бола ала­ды, адамдардың жүрегіне жылу сый­лайды. Бүгінгі байқаудың жеңім­паз­дары ғана емес, оның барша қатысу­шысы да осындай мәртебеге лайық екеніне сенімдімін. Руха­ният­сыз елдің болашағын құру қиын», деді А.Балаева.

Ұлттық сыйлық отандық өнер­дің дамуына жаңа серпін беріп, елімізге жаңа есімдер сыйлайтынына сенім білдірген А.Балаева 29 жеңімпазға «Umai» мүсіншесі мен ақшалай сыйлықтың сертификатын табыс етті.

Биыл ұйымдастыру комите­тіне қатысу­шылардан 322 өтінім ке­ліп түссе, финалға 114 адам өтті. Олардың ішін­де тек 29-ы ұлттық сыйлықтың иегері атанды. Еліміздің барлық өңіріндегі өнер қайраткер­лері мен шығармашылық ұжым­дары белсене қатысқан бәйгеде бағы жанғандардың арасында «Театр өнері» аталымында 8 жүлде табыс етілді. «Үздік музыкалық-драмалық спектакль» аталымында Астана жас көрермендер музыкалық театрының «Гауһартас» музыкалық драмасы үздік деп танылды. «Үздік спектакль» – М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Жаздың соңы» трагикомедиясына берілсе, «Операдағы ер партиясын үздік орындаушы» аталымы Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Дамир Сәдуақасовқа табыс­талды. Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының солисі Оксана Давыденко «Операдағы әйел партиясын үздік орындаушы» аталымының жеңімпазы болды.

М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының актері Бекжан Тұрыс «Үздік ер адам рөлі», Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының актрисасы Алмахан Кенжебекова «Үздік әйел рөлі», Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арнал­ған Қазақ мемлекеттік академия­лық театрының режиссері Дина Жұмабаева «Үздік режиссура» сыйлығын иеленді. «Спектакльдің үздік көркемдік дизайны» аталымы Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арнал­ған мемлекеттік академиялық орыс театры­ның суретшілері Влади­мир Поно­марев пен Александра Рыч­коваға табыс етілсе, «Хореография өнері» аталымында «Үздік би ұжымы» аталымын ШҚО мәдениет басқармасының «Ертіс концерт» КМҚК «Алтай» халық би ансамблі қанжығасына байлады. «Заманауи хореографияның үздік спектаклі» – Түркістан музыкалық-драма театрының «Қорқыт туралы аңыз» плас­тикалық спектакліне, «Балеттегі үздік орындаушы» (балет солисі) – «Астана Опера» театрының солисі Әйгерім Беке­таеваға, «Балеттегі Үздік орындаушы» (балет солисі) – «Астана Опера» театрының солисі Бақтияр Адамжанға, «Үздік хореограф» – «Астана Балет» театрының хореографы Айгүл Татиге табыс етілді. «Астана Опера» театрының «Спар­так» балеті «Үздік класси­калық балет спектаклі» атағын иеленді.

Байқау қорытындысы бойынша «Музыкалық-орындаушылық өнер» номинациясында төрт жүлде табыс етілді. Оның ішінде «Үздік дәстүрлі орындаушы» (ән айту) – Р.Бағланова атындағы «Қазақ­концерт» мемлекеттік концерттік ұйымынан Асқар Мұқиятқа, «Үздік дәстүрлі орындаушы» (аспапшы) – Раушан Оразбаева мен Р.Бағ­ланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына берілді. «Үздік музыкалық ансамбль» (классикалық) ата­лымында – «Қазақстан камераты» клас­сикалық музыка ансамблі, ал «Үз­дік му­зыкалық ансамбль» (халықтық) мүсін­­шесі – «НАВА» халық аспаптар ан­самблі мен Қ.Қожамияров атын­дағы мем­лекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрына табысталды.

«Бейнелеу және сәндік-қол­дан­балы өнер» аталымындағы зер­герлік өнер, металл өңдеу, аралас, эксперименттік техника бо­йынша «Үздік шебер-қолөнерші» Амангелді Мұқажанов, ағаш өңдеу, көркем ою, керамика «Үздік шебер-қолөнерші» аталымы Атабек Бекболатовқа табыс етілді. Киіз, тоқыма, былғары өнеріндегі өзіндік із қалдырып жүргендердің арасында «Үздік шебер-қолөнерші» болып Мәлік Мұқановтың есімі мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы аталды. «Үздік бейнелеу өнерінің туындысы» аталымында «Үздік сурет шебері» – Дәуренбек Бекназаров, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына, «Заманауи өнердегі үздік жоба» – Болатбек Бейісбеков, Бейісбеков­тер отбасының «Алтын Орда» көр­кем галереясына, «Үздік графика шебері» – Батухан Байменге, «Үздік мүсін шебері» – Әлібек Мергеновке бұйырды. «Астана Балет» театрының «Снежная королева» балеті «Үздік балалар спектаклі» атанса, Мемлекеттік қуыршақ театрының «Ұр, тоқпақ!» ертегісі кіші формадағы «Үздік балалар спектаклі» деп танылды. Тәуелсіз сараптамалық комиссия мүшелері «Жыл жаңалығы» ретінде «Астана Опера» театрының орындаушысы Бибігүл Жанұзақ пен «Астана Балет» театрының «Nine» хореографиялық миниатюрасын марапаттады.

Марапаттау салтанаты кон­церт­тік нөмірмен жалғасты. «Астана Опера» солисі Сұлтанбек Ғұмар «Тұран» ансамблі­нің музыкасына қойылған «Қилы заман» биін ұсынса, Жас көрер­мендер музыкалық театрының әртіс­тері Д.Исабековтің «Гауһартас» музыка­лық драмасының үзіндісін сахналап, көрер­мендердің ықы­ласына бөленді. «Астана балет» ұжымы С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінің үзін­дісін қойса, Маэстро Руслан Баймурзиннің жетекшілігімен «Астана Опера» хоры мен оркестрі және солистері, «Серпер» домбырашылар ансамблі және өңірлік театр ұжымдарының өнер кешінің көрігін одан әрі қыздырды. 


bottom of page