top of page

3 мың шақырымды еңсеретін күнмобиль

Алдағы екі аптада жүргізушілер қалааралық жолдардан 30 шақырым жылдамдықпен қозғалып бара жатқан электромобильді көріп қалуы мүмкін. Балмұздақ сататын көлікке ұқсайтын машина Оралдан шығып, Талдықорғанға бет алды.

Никита Поддубнов есімді өнертапқыш үш мың шақырым жол жүруді көздеп отыр. Күнмобиль деп аталған көлікті жасаған сол. Күннен қуат алатын машинаның мүмкіндігін блогердің YouTube-арнасынан тамашалауға болады. Поддубнов 13 шілдеде Ақтөбе маңында жүргенін хабарлаған, ол саяхаттың алтыншы күні болатын. Жазбадан күнмобильдің күніне 100-120 шақырым жүретіні байқалады.

Айтпақшы, көліктің дизайны Top Gear-де Джереми Кларксон, Ричард Хаммонд және Джеймс Мэй жасаған электрлі Geoff-ті еске салады. Ол да қолда бар бөлшектерден құрастырылған.

Аты айтып тұрғандай, күнмобиль бірнеше күн панелі арқылы қуат алады. Біразы шанақта, қалғаны жүксалғышта тұр. Машина артқы оське орнатылған шабақты мотор-дөңгелектер арқылы қозғалады, алдыңғы бөліктегі барабанды тежеуіштер көмегімен тоқтайды. Салонға велосипедтің рөлі орнатылған.

Поддубновтың туындысын жайлы немесе қауіпсіз деу қиын. Жүргізуші кесілген кәдімгі орындықта отырады. Алды-артында жарық техникасы бар, басқа қауіпсіздік жүйелері жоқ.


bottom of page