top of page

Даланың дара данышпаны

Шымкент қаласының Оқушылар сарайында 2020 жылғы 12 ақпанда қазақтай елдің бағына біткен ойшыл ғұлама, аудармашы ақын, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғасы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Даланың дара данышпаны» атты қала мектептері арасында байқау ұйымдастырылды.

Байқау мақсаты - ұлы ақынның мол мұрасын жаңғырта отырып, өшпес ғибратының өміршеңдігін насихаттау, жас таланттарды анықтап, шығармашылық қолдау көрсету, көркем-эстетикалық таным-талғамын арттырып, сөз өнерінің құдіретін ұғындыру. Абайдың қара сөзі мен өлеңдерін мәнерлеп оқу, әндерін орындау, шығармаларын сахналандыру бойынша 04.02.20ж. өткен іріктеу кезеңіне 218 бала қатысып, 50-і сахнада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Көрермен қауым 2 сағат бойы Абай толғамдарының тұңғиығына терең шомып, тағылымымен рухтанды. Жас өскіннің сөз өнеріне деген қызығушылығы мен құрметі көңіл қуантты. Қазылар алқасына үміткерлер ішінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарын анықтау оңайға түсе қойған жоқ. М.Әуезов атындағы ОҚМУ аға оқытушысы, Ерен еңбегі үшін медалі, Ахмет Байтұрсынов атындағы алтын төсбелгі иегері С. Құрманбаев төрағалық жасады. Сондай-ақ, аталмыш университеттің Мәдениет және спорт факультеті, Театр және эстрадалық шығармашылық кафедрасының іс-тәжірибеден өтуші 2 курс студенттері Абай өлеңдерінен поэтикалық композиция дайындап, «Желсіз түнде жарық ай» әнін нақышына келтіре орындады. Оқушылар сарайының «Шабыт» театр үйірмешілері «Татьянаның қырдағы әні» қойылымын шебер сахналандырды. Жас өнерпаздар байқауға жоғары деңгейде дайындалып, дара тұлғаның даналық әлемінен терең сусындады. Сондай-ақ, ақын шығармалары желісінде бейнелеу өнерінен ұйымдастырылған байқау өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды. Барша жеңімпаздарды жүлделерімен құттықтаймыз!

bottom of page