top of page

ЖЫРЫМЕН ЖҰРТЫН ОЯТҚАН...

Мағжан Бекенұлы Жұмабаев 1893 жылы 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданы, Сасықкөл жағасында дүниеге келген. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы. Азан шақырып қойған аты – Әбілмағжан.

Атасы – Жұмабай қажы. Әкесі Бекен саудамен айналысқан дәулетті адам болған. Бекен өжет, өте пысық еді. Қоянды базарына жиі қатынайтын. Сол ұзын жолда ыңылдап өлең шығарады екен. Анасының есімі – Гүлсім. Гүлсім – Қызылжарда тұратын керей Әшірбек (Әшірбектің ағасы Құрманбайдан Мағжанның болашақ әйелі Зылиха туады) деген саудагердің қызы. Мағжан бойындағы серілік, ақындық қасиеттер әкеден болса, жүрегінің жұмсақтығы, нәзіктігі, жолдас, достыққа қалтқысыздығы, жұртқа қайырымдылығы осы шешесінен деседі.

Мағжан ауыл молдасынан сауатын ашып, 1905-1910 жылдары Қызылжардағы №1 мешіт жанында белгілі татар зиялысы, мұсылман халықтарының азаттығы жолында күрескен М.Бегишевтің ұйымдастыруымен ашылған медреседе оқыды. Медреседе Бегишевтен Шығыс халықтарының тарихынан дәріс алды, қазақ, татар әдебиеттерін, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Омар Һайям, Низами, Науаи секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренді.

Мағжан бала кезінде ұшып-қонып бір жерде отыра алмайтын тас қайнаттың өзі болған. Қасында отыратын кісі табылмай қалса, шешесі кереуеттің аяғына байлап кетеді екен. Естияр шағында күрт өзгереді. Ойға батып, тұнжырап жүретінді шығарады. Шелек әкел деп үлкендердің бірі жұмсаса, елек әкеледі екен. Айтылған сөзге көңіл бөлмейді. Балалармен ойнап кетуді ерте қойған. Жеке тұрып қалады. Сол үшін апасы Күләндәм Мағжанды "Марғау" атандырып жіберіпті.

1910-1913 жылдары Уфа қаласындағы "Ғалия" медресесінде білім алды. Онда татар жазушысы Ғ. Ибрагимовтен дәріс алып, белгілі қайраткер С.Жантөринмен тығыз қарым-қатынас орнатады, болашақ көрнекті жазушы Бейімбет Майлинмен танысады.

Ибрагимовтің көмегімен 19 жасында Қазан қаласында "Шолпан" атты тұңғыш өлеңдер жинағын басып шығарады. Бұл 1912 жылы болған еді. Содан бастап Жұмабаевтың есімі Омбы, Петропавл, Семей қалаларындағы әдеби қауымға мәшһүр болады. Жазғандары жұрт аузына ілігіп, жастардың піріне айналады.

bottom of page