top of page

Қасым Қайсенов


100 жыл бұрын (1918-2006) Қазақстанның Халық қаһарманы, жазушы Қасым ҚАЙСЕНОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында туған. Өскемен саяси-ағарту техникумын бітірген 1939-1940 жылдары Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспектор болған. 1940 жылы Қызыл армия қатарына шақырылып, арнаулы әскери мектептен өткен. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жау тылында партизандық қозғалысты ұйымдастыруға белсене қатысқан. Партизан қозғалысының алғашқы жетекшілері ретінде Закарпатья, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысып, көптеген күрделі операцияларды жүзеге асыруға қатысқан.

Қасым Қайсенов өзін өжет, тапқыр және ұйымдастыру қабілеті зор командир ретінде көрсеткен. Ол басшылық еткен отряд көптеген операцияларды сәтті жүзеге асырып, жауға соққы берген.

1945-1953 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасында, Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандық кеңестерінің атқару комитетінде жауапты қызметте болған.

1953-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында, «Жазушы», «Қайнар» баспаларында редактор, директордың орынбасары қызметтерін атқарған. ҰОС кезіндегі өзінің партизандық өмір жолы, қарулас достарының қаһармандық ерлік істері жайлы сыр шертетін «Жас партизандар», «Илько Витряк» «Переяслав партизандары», «Ажал аузында», «Партизан соқпақтары», т.б. әңгіме, очерк, повесть жинақтарын шығарған.

Шығармалары орыс, украин, қырғыз, т.б. тілдерге аударылған. Көркем аударма саласында М.Муратовтың «Ломоносовтың жастық шағы», Николай Томанның «Сабылтқан сағым», Мамед Кулизаде Жалилдің «Пошта жәшігі» кітаптарын қазақ тіліне тәржімалаған.

3-дәрежелі «Б.Хмельницкий», 2 мәрте 1-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен, сондай-ақ «Чехословакия партизаны» орденімен, есімі жазылған қарумен марапатталған.

Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/23-sauir-kazakparat-atauly-kunder-okigalar-esimder_a3228108

bottom of page