top of page

БҚО-ДАҒЫ ХАН ОРДАСЫ МУЗЕЙ-ҚОРЫҒЫНДА ВИЗИТ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ


Батыс Қазақстан облысындағы Хан Ордасы ауылының тұрғындары тұңғыштар мекенінде тұрып жатырмыз дейді.

Тарихи тұлғаларды айтпағанда, алғашқы қазақ мектебі, ауруханасы, қыздар училищесі, баспаханасы, тіпті банк те осында ашылған. 1867 жылы салынған қазынашылық үйі қаз-қалпында сақталған. Енді міне осы тарихи мекенге келушілерге арналған визит орталығы мен музей қорықтың әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді.

«Ашық аспан астындағы мұражай». Хан Ордасы ауылының екінші бейнелі атауы осындай. Өйткені мұнда Жәңгір ханның кезінен 45 ғимарат, 20 ғасырдың басынан 80 шақты үй сақталған. Осы тарихы тұнған өңірді туристерге таныту мақсатында ауқымды істер атқарылып жатыр. Соның бірі бүгін ашылған визит орталығы. Мұнда ақпарат орталығымен қатар кафетерий, балалар бөлмесі, киностудия мен фотозертхана бар. Егер 5 жыл бұрын Хан Ордасына 16 мың турист келсе, былтыр 25 мың саяхатшы ат басын бұрыпты. Жаңа орталық соларға жайлы жағдай жасауды көздейді.

Ғайса Махимов, Хан Ордасы музей-қорығының директоры:

- Ресейдің екі облысымен шектесеміз. Волгоград және Астрахань облыстарынан, және Қазақстаннан туристер келуі өте көп болып тұр. Енді алдағы уақытта жолдың құрылысы біткен жағдайда туристердің саны одан да артады деп, елдің экономикасы дамуына, жұмыс орындары ашылуына, ауылдағы орта бизнестің дамуына үлес қосады деген ойдамыз.

Қарағайдан қиып салынған визит орталығы мен әкімшілік ғимараттың құрылысына 432 миллион теңге жұмсалыпты. Қажетті сома КПО б.в компаниясының облыстың әлеуметтік жобаларына бөлетін қаржысынан қаралған. Нысанның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев жеті жұрт көшіп, жеті жұрт жайлаған Бөкей Ордасының жаңғыру, жаңару кезеңінде екенін атап өтті.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Бұл ұлттық құндылығымызға, тарихы тереңде жатқан киелі Бөкей Ордасына деген мемлекетіміздің ерекше ықыласы. Бұдан бөлек алдағы уақытта қазақ жерінде ашылған тұңғыш аурухана ғимаратында жаңа экспозиция жасалып, 1872 жылы салынған амбулатория ғимаратына қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Әр көшесінде шежіре, әр ғимаратында сыр тұнған Бөкей елінің әрдайым бәсі биік бола берсін!

Хан Ордасы ауылындағы 1962 жылы 55 экспонатпен ашылған бір мұражай бүгінде үлкен музей-қорыққа айналды. Қазір 13 тарихи ескерткіш пен үш кесене республикалық маңыздағы реестрге енген. Келешекте осы тарихи мұраны танытуға жіті көңіл бөлінбек.



Comments


bottom of page