top of page

Оқушылар сарайында Алексей Лодочниковпен кездесу

31 қаңтар күні Оқушылар сарайында жастар жылы аясында жас домбырашы, әнші «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Алексей Лодочниковпен кездесу өтті. Алексей өзінің балалық шағы мен шығармашылық жолын айтып берді. Қазіргі таңда Алексей музыка колледжінің «Домбырада дәстүрлі ән айту» бөлімінде оқиды. Ол облыстық және республикалық музыкалық конкурстарға қатысып жүлделі орындарға ие болып жүр. Өз оқу орнында оқып жүріп, Алексей «Жас Отан» ЖҚ басшысы болып тағайындалды. 2014 жылы Алексей алғаш рет Елбасының алдында өнер көрсетті.

Кездесуге Оқушылар сарайының «Жас екпін» домбыра ансамблі, жасұландықтар, Құрманғазы атындағы №1 музыка мектебінің оқушылары қатысты. Алексеймен жақын танысу үшін кездесудің қатысушылары оның жеке фото-бейне мұрағатынан алынған материалдарды қарады. Балалар Алексейге көп сұрақтар қойды. Олар оның шығармашылығы, алдағы жоспарлары жайлы, Жастар жылының ашылуына байланысты өткен форум туралы сұрастырды. Алексей барлық сұрақтарға жауап беріп, өзінің сүйікті «Қазақ осы» деген әнін шырқап берді. «Жас екпін» ансамблінің тәрбиеленушілері «Ерке сылқым» күйін орындады.

Алексей мемлекеттік тілді жетік меңгерген, кездесу барысында оқушылармен қазақ тілінде сөйледі. Кездесуді «Қаламгер» баспасөз орталығының тәрбиеленушілері және олардың жетекшілері Асем Аипова ұйымдастырып жүргізді.

- Маған жастармен кездескен ұнайды. Бүгінгі оқушылармен өткен кездесу маған аса қызық болып тұр, өйткені Оқушылар сарайынан талай талантты түлектер ұшып шыққан, - деп өз ойымен бөлісті Алексей Лодочников.

bottom of page