top of page

Айман Қожабекқызы Мұсақожаева


Айман Қожабекқызы Мұсақожаева 1958 жылы 15 наурызда Алматы қаласында дүниеге келді. Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры – атақты скрипкашы, Қазақстан республикасының халық әртісі, профессор. Дарынды музыканттың шығармашылық өнері К.Байсейітова атындығы республикалық музыка мектебінде профессор Н.М.Патрушеваның сыныбында басталып, П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясында КСРО халық әртісі, профессор В.А.Климовтың сыныбында шыңдалды.

А.Қ.Мұсақожаева – көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты, олардың ішінде Югославияда өткен халықаралық конкурс (Белград, 1976), Н.Паганини атындағы халықаралық конкурс (Генуя, 1981), Жапонияда өткен халықаралық конкурс (Токио, 1983), Я.Сибелиус атындағы халықаралық конкурс (Хельсинки, 1985), П.И.Чайковский атындағы VΙΙΙ халықаралық конкурстары (Мәскеу, 1989) бар. Орындаушылық өнерде әртүрлі стильдерді меңгеріп, аса шебер техниканы қолдануы ең қиын шығармаларды жете түсініп, әлемге әйгілі сахналарда абыроймен орындап шығуына мол мүмкіндік туғызды. Скрипкашының концерттік бағдарламаларында Бах, Гайдн, Моцарт, Бетховен, Паганини, Брамс, Чайковский, Сибелиус, қазіргі заман композиторлары мен Қазақстан композиторларының шығармаларынан тұратын скрипкаға арналған бай репертуар жинақталды. 1992 жылы ол «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрін құрып, оның көркемдік жетекшісі болды. Оркестрдің репертуарына классика мен қазіргі заман композиторларының шығармалары кірген. Оркестр Ресей, Америка, Жапония, Германия, Австрия елдерінде концерттер қойып, өз жетістіктерін халықаралық деңгейде көрсете алды. А.Мұсақожаева 1993 жылдан П.И.Чайковский атындағы халықаралық скрипкашылар конкурсының, Микеланжело Аббадо атындағы халықаралық скрипкашылар конкурсының (Милан, Италия), Абрам Ямпольский атындағы халықаралық скрипкашылар конкурсының (Дубна, Ресей) қазылар алқасының мүшесі болды.

Мәскеу, Алматы, Бішкек консерваторияларының профессоры ретінде Айман Қожабекқызы жан-жақты табысты педагогикалық жұмыс жүргізеді. Шәкірттерінің арасында көптеген халықаралық және республикалық лауреаттар бар. Профессор А.Қ.Мұсақожаева Еуропада, Америкада, Оңтүстік Кореяда халықаралық шеберлік сыныптарын жүргізеді. Музыка өнерінің биігінен көріне алған музыкант ҚР Халық әртісі (1986), Халықаралық шығармашылық академиясының академигі (1998), ЮНЕСКО-ның «Әлем әртісі» құрметті атағын (1998) алды. 2000 жылы әдебиет, өнер және сәулет номинациясы бойынша ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. 2002 жылы ҚР меценаттар клубының шешімімен «Ақ алтын Тарлан» («Платиновый Тарлан») жүлдесін алды. 2002 жылы Айман Мұсақожаеваның есімі Кембридж университетінің жыл сайын жариялайтын «ХХ ғасырдың 2000 атақты музыканты» IBS Бүкіләлемдік Құрметті тізіміне еніп, өнердегі жетістіктері мен әлемдік музыка мәдениетіне жасаған қызметі үшін аталған орталықтың медалімен марапатталды.

Толығырақ: http://alashainasy.kz/omir/ayman-kojabekkyizyi-musakojaeva-49740/ материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

bottom of page