top of page

Балалар туризмін дамыту маңызды

Қазір қай сауда орталығына бар­саңыз да қаптаған балалар әткен­шектері орналасқан алаңды немесе қабатты көресіз. Әрине, қала тұр­мысында мұндай орындардың болғаны ата-аналар үшін қолайлы. Бірақ бұл ойын алаңдары жабық ғимараттарда орналасқандықтан жеткіншек денсаулығына кері әсері барлығын ата-аналардың барлығы байыптай бермейді. Өйткені онда ауа айналымы аз, ал келуші саны көп. Санитарлық талаптардың сақталуы да әркелкі. Бұл алаңдар – ең алдымен табыс көзі, яғни қалтаны қағады. Осындайда елімізде балалар туризмінің жеткілікті деңгейде дамымай отырғаны ойға оралады. Өйткені балаларды таза ауа аясындағы түрлі саяхаттарға, туристік нысандарға жібергенге жететін дүние жоқ. Кеңестік кезеңде оқыған буынның көпшілігі ымырт үйіріле алқақотан отырып, ортаға от жағатын жазғы лагерлерді ұмытпаған болар, сірә...

Суретті түсірген Ерлан Омар

Қазір елімізде 1 миллионға жуық баланы (947 327 немесе 31,1 па­йыз) қамтитын 1 287 қосымша білім беру ұйымы бар. Сондай-ақ жас турист-өлкетанушылардың 40 стансасы мен орталығы, мектептерде 2 188 туристік-өлкетану үйірмесі жұмыс істейді. Оқушылар сарайлары мен орталықтарында балалар және жасөспірімдер туризмімен 7 – 17 жас аралығындағы 80 мыңнан астам бала қамтылған екен. Бұл бар-жоғы 2,6 пайызды құрайды. Жалпы, туристік-өлкетану бағытындағы балалар ұйымдарының желісі ХХ ғасырда қалыптасты. Бірақ жаңа ғасырмен қоғамымызға дендей енген нарықтық жүйе балалар туризмінің де ту-талапайын шығарып, өз әмірін жүргізгендей әсер қалдырады. Мәселен, Парламент Сенатының депутаты Нариман Төреғалиевтің айтуынша, кеңестік кезеңнен қал­ған балаларға арналған туристік ны­сан­дардың басым бөлігінің қазіргі ахуалы халықаралық стандарттарға сай келмейді, техникалық жағдайы үрей туғызады немесе материалдық техникалық базасы ескірген, кейбірі мүлдем жойылған. Бүгінде балаларға арналған орталық туристік нысандар 20 бейім­делген ғимаратта орналасқан, оның 50 пайыздан астамы күрделі жөн­деуді қажет етеді, 10 шақты орта­лықтың жеке ғимараты да жоқ. Ал өз бетінше ұйымдастырылған ту­ристік бірлестіктер мектептерде орын тепкен. Мұндай сипаттағы ғима­раттардың басым бөлігі Оңтүстік Қа­зақ­стан облысына тән. Тағы бір мәселе – сала заманауи озық техноло­гиялардан, оқу құралдарынан, ком­пьютерлік техникадан, сапалы интернеттен тапшылық көріп отыр. Елі­мізде туристік жабдықтарға ие өз бетінше ұйымдастырылған ту­ризм бірлестіктері 15 пайызды ғана құрайды. Сондай-ақ туристік-өлке­тану бағытындағы технология­лар­ды меңгерген педагогтардың, маман­дар­дың біліктілігі де жеткіліксіз дең­гейде. Мәселен, соңғы 3 жылда туристік-өл­кетану бағыты бойынша пе­дагог­тардың 30,8 пайызы біліктілігін арттырды. Яғни, педагогтардың 69,2 па­йызы әлі біліктілігін жетілдіруді қажет етеді. Осы орайда түрлі коммер­циялық ұйымдар кадрлардың білік­тілігін арттыру қажеттілігін ескере отырып, педагогтар үшін ма­ңыз­ды емес қымбат курстар ұйым­дас­­тырып жүргені байқалады. Бұл осы мақсатта мемлекеттік тапсырыс­тарды әзірлеу керектігін көрсетіп отыр. Сарапшылардың айтуынша, Қа­зақстанда бастауыш, орта және жоғары дайындық семинарлары арқылы демалыс күндерді, күр­делі саяхаттарды ұйымдастырушы жетекшілер мен мектеп туризмінің нұсқаушыларын даярлайтын жүйе жоқ. Оған ведомствоаралық құзы­рет­тіліктердің алуандығы да кері әсерін тигізіп келеді. Мәселен, қа­жетті мамандар мен оқу-тәрбие әдіс­темесін даярлау Білім және ғылым министрлігінің құзыретінде болса, туристік нысандардың жұмысын ұйымдастыру Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды. Бұл ортақ мақсат пен біртұтас талаптарды шешуде тиісті министрліктер арасында өзара тиімді іс-қимылдың жоқтығын көрсетеді. Яғни, балалар туризмі жүйесінің барша елді қамтыған сипаты байқалмайды. Осы орайда елімізде балалар-жасөспірімдер туризмін дамытудың тұжырымдамалық тәсілдерін бекіту туралы 2015 жылы Білім және ғылым министрлігі мен Инвестициялар және даму министрлігі бірлескен бұйрық шығарған болатын. Таяуда туристік-өлкетану бағытында балаларға қо­сымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар басшыларының республикалық үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытудың жаңа мүмкіндіктері қаралды. Жалпы, бұл сала балалардың туған елі мен жерінің тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танытуда ерекше маңызға ие екені белгілі. Оны Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында алға қойған міндеттер мен тапсырмалар да жандандыра түсті. Балалар туризмін түрлі саяхаттар мен жарыстар, байқаулар негізінде жолға қоюда қосымша білім беру ұйым­дарына үлкен жүк артылып отыр. – Қосымша білім беру ұйым­дары – балаларға арнал­ған әлеуметтік институт. Бұл баланы жеке тұлға ретін­де дамытуға, білімі мен ой-өрі­сін жетілдіруге, ұлттық қасиет­терді бойына сіңіруге, өзін өзі да­мытуға, көшбасшылық бітім­ді игеруіне алғышарт бола алады. Жан дүниесі таза жет­кіншек табиғатты жақсы көреді. Осы тұрғыда педагогтың міндеті – балалар туризмі арқылы тәр­биелеу. Бұл баланың келе­шегін айқындайтын дүние. Сондықтан бүгінгі жедел өзге­рістерге толы әлемде балалар туризмін дамыту өте өзекті, – дейді Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орта­лығының директоры Раиса Шер. Оның айтуынша, Батыс Еуропа елдерінде қосымша білім беру ұйымдарына 70 пайыз, мектепке 30 пайыз ғана көңіл бөлінеді. Бұл жағдай Қазақстанда керісінше өріс алып отыр. Парламент Сенатының депутаты Динара Нөкетаева бала­лар-жасөспірімдер туризмін жандандыру саламатты өмір салтын қалыптастыруға, ұлт ден­саулығын нығайтуға, әлеу­меттік бейімделуге, кәсіптік шың­далуға, жас өскіндердің өзін өзі дамытуына, ұлттық сана-сезімі мен рухани жан дүниесін байы­туға, табанды, қажырлы, жігерлі азамат ретінде өсуіне ерекше ықпал ететінін айтады. Сол себепті балалар туризмін педагогикалық ұйымдастыру ісі мен оқу-тәрбиелік әдістемесін заманауи талаптарға сай кешенді түрде дамытуға ден қою керек, бұл ретте мемлекеттік дең­гейдегі қолдау өте өзекті. Мәселен, көпшілікке арналған балалар туризмі қымбат болмауы керек. Бұл мәселеде мемлекет ірі туроператор қызметін атқаруға немесе реттеуге құмбыл болуы тиіс. Сонымен бірге ту­ристік-өлкетану бағытындағы қосымша білім беру жүйесінің нормативтік-құқықтық базасын жетілдірмейінше, оның әлеуметтік мәртебесін толық қамту, сақтау мен қорғауға кепіл­дік жоқ. Яғни саланың дамуы­на шек қояды. Бұл жүйені артқа тартатын тағы бір мә­селе бюджеттік қаржының аз бөлінуі деуге болады. Айталық қолымызда бар дерек бойынша, 2014 жылы қосымша білім беру ұйымдарын жергілікті бюджеттен қаржыландыру 3,2 пайызды ғана құраған және оның жартысы айлық төлемақыға жұмсалған екен. Бұл орайда Мәжіліс депутаттары Шафқат Өтемісов пен Павел Казанцевтің айтар уәжі, балалар туризмінің дамуы ішкі туризмге тәуелді, заң шығарушы орган бұл саладағы қоғам тарапынан берілген барлық ұсыныстарды жаңа заң жобасын жасақтауда ескереді, сондай-ақ қазір «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге салаға жеке қаржы көздерін тартуға жағдай жасалуда және мұнымен шектелмей, жас туристерді ынталандыру тетіктерін де қарастыру керек. «Kazakh tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев балалар туризмін насихаттауда біріншіден, өңір­аралық, еларалық байланыстың тиімділігін, екіншіден, кез келген киелі орындарды таныстыруда нысан туралы жай ғана әңгімелеп қоймай, аңыздар мен ертегілерді кіріктіре отырып түсіндірудің, яғни әдістемесін жетілдірудің маңыздылығын жеткізді. Бұл ұйым былтыр оңтүстік өңір­лерден келген балаларға ор­талық Қазақстанды аралатса, биыл 2 мыңнан астам баланы қам­титын жаңа бағыттарды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ киелі жерлер тура­лы мәліметтерді бала танымы мен қызығушылығына сай электронды форматта қызықты етіп ұсынудың тетіктерін қарас­тыруда. Озық елдерде ішкі туризм бюджет түсімінің 80 пайызына дейінін береді. Оның үстіне баладан ешбір ата-ана аянып қалмайды. Сондықтан балалар туризмімен бірге отбасылық туризмді де ұмытпауымыз керек, дейді Т.Дүйсенғалиев. Президент жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орын­басары, Спорттық туризм ұлттық федерациясының прези­денті Елена Тарасенко болса, балалар туризмін дамытуда республикалық үйлестіру кеңесін тиісті ведомство басшыларының қатысуымен жоғары деңгейде өткізудің өте өзекті екенін айтады. Астанаға арнайы келген А.А. Остапец-Свешников атындағы балалар-жасөспірімдер туризмі және өлкетану халықаралық академиясының президенті Дмит­рий Смирнов та осы ойды құптайды. Ресейлік маманның айтуынша, Қазақстанда үйлес­тіру кеңесі парламенттік тың­дауға негізделген болса, Ресейде үйлестіру кеңесіне премьер-ми­нистрдің орынбасары төрағалық етеді. Сондықтан онда нақты атқарылған жұмыс бойынша есеп беріледі. Яғни ұсыныс беруші емес, атқарушы орган ретінде жұмыс істеу балалар туриз­мін алға жылжытудың кепілі, дейді ол. Бірақ мұның кері әсер ететін тұсы да бар. Бұл – қағазбастылық. Ал қағаз кіріккен ортада бюрократиялық кедер­гілер де туады. Жалпы, шетел тәжірибесіне зер салар болсақ, Германияда жас­тар туристік базаларының ода­ғы жұмыс істейді. Көрікті таби­­ғат мүйістерінде жас таби­ғаттанушыларға арналған 400 үй орналасқан. Канада, Кения, АҚШ және Қытай елдерінде жастар арасында қорықтар мен ұлттық парктерге бару танымал болса, Жапония жастары мектептегі демалыста халықтың түрлі кәсіпшіліктерін үйренуге барады екен. Ал Франция, Англия, Аустрия елдеріндегі оқу орындарында кейбір жекелеген пәндерді оқытуда мұғалімдер оқушыларды қала маңына жаяу серуенге алып шығуды дәстүрге айналдырған. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер туризм­і­нің ұлттық жүйесін құруда қоғам­ның ой-пікірін зерделеуден артық кешенді ұсыныс болмайды.


Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» https://egemen.kz/article/165515-balalar-turizmin-damytu-manhyzdy


bottom of page