2019 жылғы 23 қыркүйекте Тілдер мерекесіне орай Ақмола облысы Шортанды қазақ орта мектебінің тәлімгері Дөтей Гүлбаршаның ұйымдастыруымен 6-10 сыныптар арасында пікірталас өткізілді.
Қоғамның өзекті мәселесінің біріне айналған тіл мәртебесіне деген оқушылардың көзқарастарын білуді мақсат тұтқан тәлімгер «Мемлекеттік тіл – оқушылардың көзқарасымен» тақырыбын басшылыққа алған. Ең әуелі қатысушыларға сайыстың ережелері таныстырылды.
Пікірталаста бірінші топтың мүшелері жақтаушы болса, екінші топ кері пікірдегі даттаушылар болды. Ал осы екі тараптың тіл тартысынан түйін түйіп, дұрысымен бұрысын айырып, тоқтам айтып, қорытынды жасайтын әділқазылар төрағасы 11 «А» сынып оқушысы Жарқынбеков Ерасыл болды.
Ерасыл мектепшілік, аудандық, облыстық деңгейлерде көптеген пікірталастарда өзінің ұшқыр ой, өткір тілімен көптеген жеңіске жеткен дарынды оқушылардың бірі.
Пікірталас соңында қатысушы екі тарап мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, ана тілімізді ардақтап өту, болашағымызға салар сара жол болмақ деген түйінмен қорытындылады.
«Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры» деген ұранды ту еткен мемлекеттік тілді жақтаушы топтың мүшелері озық ойлылығымен оза шауып жеңіске жетті. Алдағы уақытта да оқушылар арасында өзекті тақырыптар талқыланып, тартысты пікірталастардың жиі өткізіліп тұратын болады. Себебі мұндай сайыстардың оқушыларға берер тәлімі көп болмақ. Қоғамдағы өзекті мәселені мектеп қабырғасына еңгізіп, жасөспірімдердің санасын оятып, мемлекеттік тілге деген құрметтерін арттыруды мақсат тұтқан тәлімгерге шығармашылық табыс тілейміз.