2019 жылдың 16 қыркүйек күні Оқушылар сарайының «Рухани жаңғыру» кабинетінде Жаманшың метеорит кратері бойынша Халықаралық экспедициясына арналған пресс-конференция өтті.
«Антарес» астроклубының жетекшісі Гульнар Баубекова және тәрбиеленушілері Алексей Беличенко және Әмір Каратай Жаманшың кратерін зерттеу бойынша экспедицияның қатысушылары болды.
Жаманшың - метеоритті кратер, ғарыштан шыққан ерекше табиғи нысан, Жерге құлаған метеорит нәтижесінде пайда болған және Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында орналасқан. Кратер шамамен 1 миллион жыл бұрын пайда болған. Кратер - еліміздің ерекше қасиетті нысандарының бірі болып табылады.
Аталмыш экспедиция 2019 жылдың 7-12 қыркүйек күндері Ақтөбе облыстық планетаридің бастамасымен өткен болатын.
Қазақстан және Ресейдің астрономия және геология саласының атақты ғалымдары ғылыми-зерттеу экспедициясына қатысты. Олар Флоренский Павел Васильевич – профессор, Ресей жаратылыстану академиясының академигі, әлемге әйгілі геолог ( Мәскеу қаласы), Зейлик Борис Семенович – атақты қазақстан геологы, профессор, геология және минералогия ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Минералды ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі (Алматы), Виктор Ирохович Гроховский - Урал федералды университетінің физика-технологиялық институтының доценті, Сергиенко Елена Сергеевна – халықаралық метеорит қауымдастығының мүшесі, Санкт-Петербуг мемлекеттік университетінің доценті, Жүніс Сахиев - жазушы-фантаст, астрогеодозист қауымдастығының қатысушысы.
Жас астрономдар пресс-конференцияда кратерді жүріп өткендігі туралы баяндап, жер бетінде табылмайтын ғарыштан шыққан әйнектерді тапты.
Біз алғаш рет күрделі экспедицияға бардық. Павел Васильевич
Флоренский туралы бұрын да естіген болатынбыз, бұл шарада біз оны жақсырақ білдік. Бұл адам ғылымның нағыз аңызы. Болашақта мен де өз мамандығымды геологиямен байланыстырамын деп үміттенемін, өйткені бұл өте қызықты, - деді Әмір Каратай.
- Экспедицияға барған кезде палаткаларда тұрып, төтенше жағдайда өмір сүруге үйрендік. Түн мезгілінде жұлдызды аспанды бақыладық, экспедицияда телескоп болды. Бұл жерде аспан өте ашық екен, сондықтан біздің бақылаулар ерекше болды. Әмір екеуміз ғылыми жұмысымыз үшін материал жинақтадық, оны біз жақында аймақтық конференцияда ұсынамыз, - деді Алексей Беличенко.
- Экспедициядан соң Ақтөбе қаласының тарихи мұражайында Жаманшың кратеріне арналған конференция өтті. Бұл жерде Жаманшың кратеріне әлемдік деңгейдегі геобақ мәртебесін беру туралы шешім қабылданды. Бұл біздің Жаманшыңға барған соңғы сапарымыз емес. Мен «Антарес» клубының барлық тәрбиеленушілерін осы жерге әкелемін деген жоспарым бар, - деді Гүлнар Баубекова.