Қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен 2019 жылғы 18 сәуірде №143 орта мектепте «Үздік авторлық бағдарлама -2019» облыстық байқауының қалалық кезеңі өткізілді. Ережеге сәйкес әр мектептен 1 мұғалім қатысты. Ұсынылған жобаның бір сабағының бейнематериалы, сондай-ақ құжаттар қағаз жүзінде және электронды нұсқада тапсырылып, әрбір байқауға қатысушы ұстаз өз авторлық бағдарламасын қорғады. Байқауға «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Исаева Жанар, «Педагогикалық шеберлік» орталығының аға менеджері Әбдраманова Жібек, №5 мектеп-лицей директорының ғылыми-әдістемелік істері жөніндегі орынбасары Садыкова Гүлзада қазылық жасап, қатысушыларға көптеген әдістемелік көмек берді. Шара барысында қалалық білім бөлімінің әдіскері Рита Жұмамұратқызы: «Үздік авторлық бағдарлама» байқауы білім берудің мазмұнын жетілдірудегі инновациялық идеяларды жинақтау және тарату, мұғалімдердің кәсіби және шығармашылық пікір алмасуын қалыптастыру мақсатында өткізіліп отырған тиімді шара екенін атап өтті. «Математикалық ұғымдар мен есептеулер логикасын ертегі желісі бойынша тиімді оқыту» тақырыбындағы авторлық жобасымен қатысқан №101 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімдері Г.Баймаханова мен Ж.Жұмаділдаева І орын иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды.