top of page

Марфуға Айтхожина


Марфуға Айтхожина 1936 жылы 25 тамызда Құлжа қаласында (ҚХР) дүниеге келген. Атасы Айтхожа топжарған шешен, суырыпсалма ақын, ел сыйлаған би кісі болған. Қазақ елінің басына қаралы күн туған кезде бұл кісі алғашқы қүрбандардың бірі болған екен. Ол кісіні "Итжеккенге" айдаған. Ал өз әкесі Ғали арабша, орысша сауаты бар білімді, жан-жақты зиялы адам болған. Ол кісіні де сол жылдары "Қарағаш" мектебінен (сол кездегі Қапал уезі) Алматыға сексен адаммен бірге айдап әкелген екен. Бес баласы аштан өліп, түрмеден қашып, зайыбы Бифатима "Иіруден" қашып, Қытай жерінде табысып, қыздары Марфуға дүниеге келеді. Ақынның балалық шағы қаймағы бұзылмаған, тұнығы шайқалмаған, халқымыздың салт-санасын қаз-қалпында сақтаған ортада өтеді. 1956 жылы Құлжадағы қыздар гимназиясын бітіреді. 1958 жылы атамекенге оралған. 1965 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1971 жылы Мәскеудегі жоғары әдеби курсты бітірген. 1961-1969 жылдары "Қазақ әдебиеті", "Қазақстан мүғалімі" газеттерінде өдеби қызметкер болып істеген. Акынның поэзиясында ерекше бөлек әуен еседі. Көңіл-күй лирикасында адам жанын тебірентетін, ойын толқытатын ерекше бір күш бар. Әсіресе туған жер тақырыбына келгенде сөзден ғажайып суреттер бояуын төгеді.

Марфуға Айтхожина "Аңсау", "Ақку жүрек", Алатаудың Ақ батасы" туындыларында Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін эпикалық кең тыныспен жырлайды. 60-жылдардан бері бүгінгі күнге дейін жиырма бес жыр жинағы шыққан. Алғашқы өлеңдер жинағы "Балқұрақ" деген атпен 1962 жылы жарияланған. Кейіннен әр жылдары "Шыңдағы жазу", "Жастық шақ", "Аққуым менің", "Қаракөз айым", "Баянжүрек", "Көзімнің қарасы", "Ақ бесігім", "Жарқыра, менің жұлдызым", "Қыран жеткен", "Таңдамалы", "Сағыныш сазы", "Жапырақ сілкінген кеш", "Аңсау", "Аққу жүрек", орыс тілінде "Утверждение", "Голубые голуби", "Струна степей", "Горсть земли", "Украшение коня", "Летние росы" өлеңдер жинақтары жарық көрді. Бірқатар шығармалары болгар, поляк, венгр, чех, парсы т.б. тілдерге аударылған.

bottom of page