top of page

Ерекше қажеттіліктері бар балаларға қосымша білім жағдайында тәрбие және білім беру

2018 жылғы 12 маусымда Астана қаласында «Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқытудағы және тәрбиелеудегі қосымша білім берудің рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.

Дөңгелек үстел отырысына білім және ғылым министрлігінің, үкіметтік емес қоғамдық ұйымдардың өкілдері және республиканың барлық өңірлерінің педагогтері қатысты.

Отырыста қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын қорытындылау, қосымша білім беру ұйымдарында ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға тәрбие және білім беру сұрақтары талқыланды.

Отырыс барысында ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің Арнайы және инклюзивті білім басқармасының бас сарапшысы Айтжанова Ардак Куандыковна инклюзивті білім беру аясындағы Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің қызметі жайлы баяндады.

«Мүгедек балалардың ата-аналарының «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ульжекова Нургуль Туленовна ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін спорт секцияларын ұйымдастыру және өткізу тәжірибесімен бөлісті.

«Қазақстан Республикасы ұлттық Паралимпиада комитеті» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Сулейменов Ерлан Муратович «Дене шынықтыру сабақтары және инклюзивті тәсіл арқылы мүгедектігі бар балаларды спортпен айналысуға тарту» тақырыбында сөз қозғады.

«Қазақстандық «КазРоботикс» білім беру және спорттық робототехника федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, робот техника және киберспорт бойынша республикалық үйлестіру кеңесі құрамы жұмыс тобының жетекшісі Жекеева Айжан Ахметжановна есту қабілеті нашар балалармен жұмыс жасауда техникалық шығармашылық алаңның тәжірибесін көрсетті.

«Асыл бала» қоғамдық қорының төрағасы Сырланова Сауле Тыныштыкбаевна мен «Күн әлемі» қоғамдық қорының жетекшісі Федорова Мария Викторовна инклюзивті қосымша білім беруді дамытуда үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуді талқыға салды.

Отырыста Ақтөбе қаласы, Қазағап атындағы өнер мектебінің директоры Құдайбергенов Жалғас Құдайбергенұлы, арнайы түзету мектеп-интернатының оқытушысы Ахметзянова Алсу Мирзаевна және Алматы қаласы, Оқушылар сарайы директорының орынбасары Съедина Лариса Юрьевна пікірталасқа қатысты.


Дөңгелек үстел жұмысының нәтижесі бойынша инклюзивті білім беруге қатысты қосымша білім беру ұйымдарының қызметінің басым бағыттарын анықтайтын ұсынымдар әзірленеді.

bottom of page