Қазақ әдебиетіндегі орны мен халық жүрегіндегі орнын қатар тауып, сол халықтың байсалды жыршысы болып, онымен ұзақ ақындық жолын бірге кешкен нағыз таланттардың бірі - Ғали Орманов еді. Биыл Ғ.Ормановтың туғанына 110 жыл толып отыр.

Қазақ әдебиетіне жиырмасыншы жылдарда келген, қазақ поэзиясының қалыптасып-дамуына, өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан ақынның бірі - Ғали Орманов. Ғали Орманов 1907 жылы Алматы облысы, Қапал ауданы, «Ешкіөлмес» тауы етегінде дүниеге келген. Ол он жасында әке-шешесінен айрылып, жетім қалады да, туысқандарының қолында тәрбиеленеді. Ғали бала кезінде жыршылардан өлең-жыр, қисса-дастандар үйреніп, өзінің әдебиетке құмарлығын байқатады. «Мұңлық-Зарлық», «Шәкір-Шәкірат», «Алпамыс» сияқты қисса дастандарды, «Біржан мен Сара», «Кемпірбай мен Шөже», «Бақтыбай мен Мәйке баланың» айтыстарын жаттап алып, домбыраға қосып жиын-тойларда айтып жүрген ол жастайынан жыршы бала атанады. 1920 жылы Талдықорғандағы, кейін Алматыдағы Абай атындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, сонда білім алады.
1923-28 жылдары Алматыдағы Қазақтың халық ағарту институтында оқиды. Институтта оқып жүргенде Ғали қазақ, орыс әдебиеттерінің үлгілерімен танысады. 1925 жылдан бастап оқушылардың қабырға газетіне, 1927-28 жылдары өлкелік газетте өлеңдер жазады. Осы жылдары «Тілші» газетінде «Ешкіөлмсс», «Қора», «Оқушыларға», «Диханбайға» сияқты өлеңдері басылады. Осы өлеңдерінде Ғали ақындық талантын біршама танытып үлгереді.
1929-30 жылдары Іле ауданы оқу бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген кезінде оның өлеңдері «Еңбекші қазақ» газеті мен «Әйел теңдігі» журналында жиі жарияланып, көп ұзамай-ақ республикадағы белгілі ақындардың санатына кіреді.
Абай атындағы педагогика институтын бітірген соң, ол біраз жыл мұғалім болып істейді. Одан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында журналистік қызмет атқарады. 1939 жылдан 1945 жылға дейін ақын Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болды.
Ақын поэзиясы айшықты тілінің ажарымен, оның асыл қазыналарын қолданудағы шеберлігімен ерекшеленеді. “Өмір дастаны” (1948), “Бөбек жүрегі” (1949), “Сәт сапарда” (1957), “Ой қанаты” (1961), “От өзен” (1965), “Жер қазығы” (1972), “Жыр қанаты” (1975), “Жылдар жыры” (1976), т.б. өлең жинақтарында әлеуметтік оқиғаны суреттеуде ақындық шеберлік танытты. Ол қырғыз эпосы “Манастың” 1-кітабын, А.С. Пушкиннің, М.Ю. Лермонтовтың, Ян Райнистің, Ф.Мақтымқұлының, А.Тоқомбаевтың бірқатар поэмаларын, Л.Н. Толстойдың “Анна Каренина” романын, Н.В. Гогольдің “Нева проспектісі” повесін, А.П. Чеховтың әңгімелерін, М.С. Бубенцовтың “Ақ қайың” романын, М.Тұрсын-Заденің “Үндістан балладалары” өлең кітабын қазақ тіліне аударды. Ормановтың көптеген туындылары шетел тілдеріне тәржімаланған.
Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Ленин ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.