Қаламыздағы Өнер колледжінің бірқатар студенттері шеруде Құрманғазының "Адай" атты туындысын орындамақ. Қобыз бен домбыраның құлағында ойнайтын жастар қазір шараға қызу дайындық үстінде.
Мерекелік шеруге қатысушылардың бірі - Алтынжан Таупыкова. Ол қобызды мектеп қабырғасында меңгеріпті. Бүгінде жеткіншек ұлттық аспапта 10-нан аса күйді орындай алады. Алтынжан Таупыкова - Өнер колледжі - музыкалық-эстетикалық бейімдегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің студенті:
- Қобызда ойнау аса қиын емес. Өзім аз уақыттың ішінде үйреніп алдым. Халықаралық Балаларды қорғау күніне арналған шеруге Өнер колледжінің студенттері 2 айдан бері әзірленуде. Қазір олардың біразы шара кезінде өздері атқаратын міндетті үйреніп алған. Қаз-қатар сап түзеген жастардың алдыңғы шебі би билесе, ортасындағылар үрмелі аспаптарда ойнайды. Ал, соңында тұрған ұл-қыздар ұлттық аспаптарда өнер көрсетпек. Ботагөз Тағұдретова - СҚО білім басқармасының бас маманы:
- Шеру колоннасында 100 адам болады. Шараға қаламыздағы 12 білім ордасының жастары қатыспақ. Маусымның 1-і күні ансамбльдер шеруі Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрынан бастап Кәрім Сүтішев көшесімен жүріп өтпек. Жалпы, шара Тәуелсіздік стелласы алаңында тұйықталады деп жоспарланған.
Байболат Құлтанов
Дереккөз http://mtrk.kz