Гүлдана НҰРҒАЛИЕВА ,
Новый ОМ ағылшын тілі пәні мұғалімі
Ақтөбе қаласы
Соңғы психологиялық зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, мүлдем қабілетсіз бала жоқ екен. Өз кезегінде мектептің және педагогикалық ұжымның негізгі мақсаты – оқушыны жеке тұлға ретінде қарастырып, оның тек білімділік қана емес, шығармашылық қабілеттерін де дамыта білу. Бұл үрдіс барысында ұстазға қойылатын негізгі талап – білім беру үрдісін түсінікті, жалықтырмайтындай етіп іске асыру. Баспасөз беттерінен біз жиі мектеп қабырғасында жүрген оқушының әртүрлі салада қол жеткізген жетістіктері жайлы таңғала оқып, теледидардан көріп жатамыз. Мысалы: суырып-салма ақындар, әлемге әйгілі болып жатқан жасөспірім музыканттар, не математиктер, атақтары жер жарған шахматшылар. Бұл балалар бұған қалай қол жеткізді, таңданарлық қабілеттің сыры неде? Оларды қалай айтуға болады?
Ерінбей, жалықпай бағыт-бағдардың көмегімен қабілеттерін дамытқан жандар ма, әлде кездейсоқ жағдайлардың барысында байқаусыз көзге түскен дарындар ма? Жалпы, дарын дегеніміз не? Адамның бойына табиғат-ана сыйлаған асыл қасиет пе, жоқ күнделікті өмірде жиі болмаса да, сирек емес кездесетін жағдай ма? Егер бірінші пікірге сүйенсек, онда қол қусырып, тек табиғаттан ғана бұл сыйды күтіп отыруға мәжбүрміз, ал егер екіншісіне болса, онда біз ұстаздар қауымы білім беру үрдісі барысында әр баланың бойындағы қабілетін анықтап, оны дамытатындай етіп ұйымдастырғанымыз жөн болар. Оқу үрдісінің нәтижелі болуының негізгі шартының бірі – оқушылардың тек білімділік қана емес, танымдылық қызығушылықтарын да тудыру. Қызығушылық үрдісін тек балалардың сабақтағы жақсы көңіл-күйі деп түсіну мүлдем дұрыс емес.
Нағыз қызығушылық әр оқушының шыдамдылығын ынталандырып, алынған білімді жүйелеп, ұзақ уақыт есте сақтап, оны кұнделікті өмірде іс жүзінде қолдана білуге себеп болуы тиіс. Тек қызығушылықтың көмегімен, берілген білімді толық қабылдаған етіп, әр оқушыны интеллектуалды дамыған тұлға ретінде тәрбиелей аламыз. Мектеп қабырғасындағы білім берудің негізгі формасы – сабақ. Дәрістің өтуі, оның нәтиже көрсеткіші тек мұғалімге ғана емес, оқушыларға да байланысты. Өз кезегінде мұғалім балалардың пәнге деген қызығушылығының төмендемеуіне мүдделі болуы тиіс. Нақты шет тілін алатын болсақ, өкінішке қарай, тілді жаңадан бастаған кезеңде оқушылардың тілге деген қызығушылығы зор болғанымен, уақыт өте бұл үрдіс төмендей бастайды, иә болмаса, мүлдем із-түссіз жоғалып та кетіп жатады. Бұл жағдайдың негізгі себептерінің бірі - бағдарлама бойынша берілетін лексикалық және грамматикалық материалдарды кейбір оқушылардың меңгеру қабілетінің әлсіздігі болса, екіншіден ұстаздың өз пәніне деген қызығушылықты сақтай білмеуі.
Мектеп қабырғасында өткен эксперименттердің көрсетуі бойынша қызығушылық тек жыл санап қана төмендемей, бір жылдың ішінде біресе жоғарылап, біресе төмендеп отырады екен. Бұның себебі неде?
Сұраққа жауап ретінде мұғалімнің жұмыс жасау стилін алуға болады. Сабақтың бір сарынды өтуі, күнделікті тек оқулықпен жұмыс жасау, оқушының сабаққа деген қызығушылығын күрт төмендетіп, мұғалім өз сабағында өзі ғана шешен болып, қалған адам тек тыңдаушы ретінде қала беруі сөзсіз. Ұстаз ретінде осындай жағдайларда не істеген дұрыс?
Біріншіден, ең алдымен өзі творчестволық тұлға болып, оқытудың жаңа да тиімді технологияларын пайдалануға тиіс екені сөзсіз. Екіншіден, сыныптағы жалпы психологиялық климат күрт өзгертіп, сабақты жандандыруы керек. Қазақ халқы «Басы ашы болса, арты тәтті болады» десе, ағылшындар керісінше «A good beginning makes a good ending» дейді. Демек, сабақтың өту деңгейі, оның соңғы нәтижесі тікелей басталуымен байланысты. Олай болса, сабақты қалай бастаған дұрыс? Нақты ағылшын тіліне келсек, бұл қазіргі кезеңде пән мұғалімдерінің кеңінен қолданып жүрген тілдік жаттығулар немесе «Warming up» дейміз. Тілдік жаттығудың мақсаты – сабаққа деген бетбұрыс туғызу. Тілдік жаттығу кезіндегі мұғалімнің жылы дауысы, сұрақтардың алдын ала ойластырылып, тапсырмалардың дұрыс жоспарлануы мұғалім мен оқушының арасында жақсы қарым-қатынас туғызып, алдағы сабақтың нәтижесін жоғарылата түседі. Тілдік жаттығулар әртүрлі формада өтуі мүмкін.
1.The small dialogue. Диалог барысында мұғалім оқушының қателерін түзетуден бұрын, оның жылдам жауап тапқанына, қабілетін қолдағаны дұрыс. Ал, қателерді соңында жұмсақ түрде ескертіп өтуге болады. Жоғарыда айтылған жұмыс түрі неғұрлым кеңірек қолданылса, соғұрлым соңғы кезде тіл мамандарының арасында кеңінен талқыланып жүрген, тілді коммуникативті түрде үйрену мәселесі шешімін табатыны сөзсіз.
2. Сабақты қызықты етіп бастаудың келесі бір түрі – әр оқушыға өзінің жеке рөлін көрсетіп, маңыздылығын байқату. Мысалы, тақтаға бір оқушы шығып, өз атын жазады. Ал, басқа оқушылар оның атындағы әр әріпке өзінің атын қосып-жазуы керек.
3. Шағын шығарма жазу оқушылардың тек жазу, тілді түсіну, сөйлеу қабілеттерін арттырып қана қоймай, әр баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына себеп болады. Бұндай шығармаларға көп уақыт алмай, 5 минуттық жазу ретінде өткізу әбден мүмкін.
4. Келесі жұмыс түрі «Find the words», – деп аталады. Нұсқау бойынша оқушылар сөзді табуы тиіс.
b r e a d
e – is exactly in the middle
d –is at the end
b – is one of the letters before e
r – is between b and e
a – is between e and b.
5. Келесі жұмыс түрі «I want to buy».
Затты сатып алу үшін сатушы ол заттың маңыздылығы мен сапасын, пішінін мүмкіндігінше жақсы етіп сипаттауы қажет. Зат ретінде сурет немесе ойыншық қолдануы мүмкін.
6. Соңғы кезде әдетке айналып келе жатқан жұмыс түрі «Short composition».
Суретте берілген белгілерді қолдану арқылы оқушылар толық біртұтас әңгіме құрастырады. Қалай болғанда да сабақтың басталуы мен аяқталуы, оның қызықты не болмаса қызықсыз өтуі, нәтижеге жетуі не жетпеуі ең алдымен ұстазға, оның шеберлігіне, әдіс-тәсілдерді дұрыс қолдануына байланысты.__