Әйгілі Ақан сері Қорамсаұлының «Балқадиша» әнін тыңдаған әрбір жан басты кейіпкер Қадиша қыздың тағдырына аяушылық білдіріп, ауыр күрсінетіні сөзсіз. Бұл ән туралы ел аузында әңгіме көп. Ақанның ел аралап, сал-серілік құрып жүрген кезі. Бір күні Ақан сол кездегі есімі көпшілікке мәлім, танымал кісінің аулына бас сұғып, шілдехана тойының үстінен түседі. Ауылға танымал серінің ат басын бұрғандығы туралы естіген халық оған ілтипат көрсетіп, қошемет білдіреді. Алайда төрде отырған Ақанның жанына ешкім жақындамайды. Бұл ел аузында Ақан сері туралы алып-қашпа сөздердің кеңінен етек алған тұсы еді. Ақанның қиялға беріліп, жын-перілермен қатысы барын алға тартып, жас қыздар серіден үрейленген. Ақан сері де, қыздар да өздерін жайсыз сезініп, отырыстың берекесі қашқандай болады. Осы кезде Қадиша қыз «Сері ағамның жанына мен отырайын» деп Ақанның жанына келіп отырады. Мұны естіген Ақанның көңілі жайланып, іштей жібек мінезді қызға риза болып отырады. Отырыс барысында әндер орындалып, зерделі әңгіме-аңыздар айтылады. Серінің жанында Қадишаның отырғанын ағалары естіген бойда екі жеңгесін жіберіп, қызды алып шығуын тапсырады. Алайда Қадишаның қайтқысы келмейді. Ақанның да оны жібергісі келмейді. Екеуінің арасында бір қимастық сезім орнайды. Қадиша қайтуға жиналғанда Ақан сері қолына домбырасын алып, екі шекті қағып жіберіп, жаңа бір әнді бастайды.
— Дегенде Балқадиша, Балқадиша,
Өзенді өрлей өскен тал Қадиша.
Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,
Рұқсат бізден сізге, бар Қадиша, — деп өлеңмен қимай қоштасады.
Ақан сері Балқадишаны ұнатқанымен, оған қосыла алмайды. Себебі қызды басқа адамға айттырып қойған.
«Күйеуің сексен бесте шал, Қадиша» деген жолдарын алға тартып кейбір аңыз деректер Қадиша әу бастан, үлкен шалға атастырылған деп айтылуда. Алайда, Қадиша қыз үлкен кісіге емес, өз теңіне атастырылып, кейіннен ұзатылған.
Балқадишаның ұзатылғанын естіген Ақан сері бірнеше күн нәр татпастан жатып қалады. Сөйтіп Ақан қоштасу сәтінде туған әнін әрі қарай жетілдірген. Бұл әннің соңғы өлең жолдары мынадай болған:
«Кекілін кер бестінің сылағаным,
Басынан Жыландының құлағаным.
Кетті деп Балқадиша естігенде,
Құшақтап құс жастықты жылағаным.
Тау болсаң, Жыландыдай биік тау бол,
Шапанға ширатпалы жібек бау бол.
Атадан артық туған Балқадиша,
Көргенше енді қайтіп, есен-сау бол», — деп іштегі мұң-шерін өлеңмен шығарады. Әнді «Балқадиша» деп атайды.
Ақан серінің бұл әні қазақтың кең даласына тарап кетеді...