• 31 мар. 2016 г.

МҰРАЖАЙ ІСІН ЖАНДАНДЫРУДЫҢ БІР ЖОЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР АРҚЫЛЫ ӘРЕКЕТ ЕТУ

«Туған жер алдындағы, оны жайлаған ел алдындағы парызды қастерлеу сезімі ғылыми жаңалықтар мен хабарламалардан ғана емес, көне – көз мұраны көріп, көңілге тоқу арқылы да тәрбиеленеді емес пе?!»

Өзбекәлі Жәнібеков


Үстіміздегі жылдың 31-ші наурызында Боралдай кентіндегі Кенен Әзірбаев атындағы №15 орта мектебінде «Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының» ұйым-дастыруымен «Мектептегі мұражай ісін жандандыру жолдары» атты аймақтық дөңгелек үстел өтті.

Мұражай – халықтың рухани қазынасының қайнар көзі. Өйткені, мұражай халықтың тарихын, мәдениетін, өнерін зерделеп сақтай білген ғылыми Орда. Қазіргі кезде бірқатар мектептердің өз мұражайлары бар. Мұражайлар оқушылардың оқу-тәрбие жұмысына сәйкес мұғалімдердің жетекшілігімен жүргізіледі. Мектеп мұражайының өзіндік ерекшелігі оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, олардың санасына адамгершілік, еңбек, патриоттық, эстетикалық дағдыларды қалыптастыруына ықпал етеді. Алайда, соңғы жылдары мектептердегі ғана емес жалпы мұражайлардың ісі алға баспай, оларға кімнің жауапты болып, кімге керектігі, кімнің қаржыландыруында болуы керектігі жөніндегі мәселелер өз шешімін таппай келеді. Бүгінгі қарбалас заманда мұражай емес басқа ісімізді-ақ бітіріп алайықшы дейтіндер де табылады. Осыдан келіп мектептегі мұражайлардың келбетін аңғара беріңіз. Яғни, олар да тек есепте бар дүниелердің қатарында, әйтеуір өлместің күйін кешуде. Мектепте бөлінетін үйірме сағаттарының есебінен белгіленген мұғалімге мұражай ісі жүктелетіні белгілі. Мұражайда көзге көріне бермейтін көптеген істерді ол мұғалім істейді ме? Ол үшін берілетін аздаған қаражатқа мұғалім өз жыртығын жамайды ма, не мұражайдың ісін алып жүреді ме ол да сұрақ. Мұражай төңірегіндегі осы және де өзге мәселелерді талқылау мақсатындағы аймақтық семинарды «Өрлеу БАҰО» АҚ филиалы АОПБАИ директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары, с.ғ.д., доцент Толқын Құдайбергенқызы АУЕЛҒАЗИНА ашып берді. Оның ойынша, мұражай ісі саласындағы көптеген мәселелердің шешімін табу үшін бұл мәселенің кең ауқымда талқыланып, тиісті іс-шаралар жүргізілуі қажет. Оның бірі болашақта Қазақстандағы барлық мұражайлардың басын біріктіретін сайтын ашып, әлеуметтік желілерде мұражайдағы мәселелер талқыға түсуі керек. Сол арқылы біреу болмаса біреудің құлағына шалынып, түрлі идеялар, ұсыныстар туындайды. Мұндай жауапты істі бір ғана адам шешпейді. «Көп түкірсе, көл» демекші, бұл іске мұражай ісін танитын, оған жаны ашитын әрбір азамат ат салысқаны абзал.

Дөңгелек үстел барысында бірнеше баяндама оқылды. Оның бірі Қарасай ауданы, О. Жандосов атындағы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, мұражай жетекшісі Бақытқайша Ноғайбаеваның «Жастардың бойындағы патриоттық сезімді қалыптастырудағы мұражайлардың рөлі» атты баяндамасы. Өз өлкеміздің, туған жеріміздің тарихын зерттеу, насихаттау, атақты тұлғаларын жас ұрпаққа таныстыру – мектеп мұражайларының негізгі міндетіне жатады. Әрине бұған оқушыларды мектеп мұражайларындағы сақталған құжаттар, түрлі жәдігерлер, фотосуреттер, құнды деректерді сөйлету арқылы және осы оқу ордаларында білім алған еңбек, өнер, мәдениет, денсаулық, білім, өндіріс, спорт және т.б. салаларда биік шыңдарға жеткен алдыңғы толқын аға-апаларымыздың үлгі тұтарлық өмір жолдарымен таныстыру арқылы қол жеткізуге болады.

Оқушы жастардың патриоттық тәрбиесі Қазақстанның әйгілі, ұлы адамдарының өмірлік іс-әрекеттерін үлгі етуден басталуы тиіс. Өз өмірін қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін құрбан еткен халқымыздың ұлы батырларының ерлігі болашақ жастарға үлгі, сабақ болуы тиіс. Мектеп мұражайларында оқушылар туған өлке тарихы, мәдениеті, табиғаты, түрлі жәдігерлермен құжаттардың түпнұсқасын табумен және т.б. мәліметтер мен деректерді іздестіру-жинақтау жұмыстарымен, оларды сақтаумен, зерттеу істерімен айналысуы тиіс.

Мұражайды алып жүретін адамның бойында патриоттық сезім, жұмысына деген адалдық, мұражай ісін жандандыруға деген құштарлық сезімі қажет. Ондай тұлғалар жоқ емес бар әрине. Солардың бірі – жиынға қатысқан Үшқоңыр орта мектебіндегі «Президент әлемі» мұражайының ғылыми жетекшісі Ақлима Рақымбердіқызы десе болады. Ақлима апайдың ұсынысы – мектеп мұражайшыларына арнайы штат ашылса, яғни мұражаймен айналысушы адамға үйірме есебінен емес тікелей мұражай жетекшісі ретінде арнайы бұйрықпен қаражат бөлінсе. Сонымен қатар, сол мұражайдың жұмысын ұйымдастырып, сақтап тұруға да қажетті қаражат көзі болғаны жөн.

«Қазақстандағы мұражайлардың тарихы» деген тақырыпта баяндама оқыған Алматы облысы, Қарасай ауданы, Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Арай Қалиеваның ойынша мұражайларды жандандыру ісі айтылып қана қоймай, сол бағытта жүйеленген нәтижелі жұмыстар атқарылуы қажет.

Аталған семинарда «Мектеп мұражайында жүргізілетін жұмыстың түрлері» тақырыбындағы баяндаманы өзім қорғадым. Мектеп мұражайының негізгі жұмыстарына мұражай жұмысын ұйымдастыру, мұражай қорын қалыптастыру, мұражай қорын сақтау, экспозициялық жұмыс және мұражайға саяхат жасату болып табылады. «Кенен Әзірбаев» мұражайында осы бағыттардың барлығы бойынша жекелеген жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтар болсақ, ұйымдастыру бағытында мұражайға мектептің белсенді оқушыларынан іріктеліп гидтер бекітілген. Нәтижесінде 2016 жылдың 9-шы ақпанында Кенен Әзірбаевтың Астанада тұратын ұлы Бақытжан Кененұлы мектебіміздің мұражайына көптеген кітаптар, газет-журнал мақалаларын, фотосуреттер, Кенен Әзірбаевтың гипстен жасалған мүсінін және т.б. құнды заттарды Кенен атамыздың жиен шөбересі Жұмабай Өтелбаев арқылы сыйға тапсырған болатын. Оған қоса биылғы жылдың 27-ші ақпанында Кенен Әзірбаевтың қызы Төрткен Кененқызының 80 жасқа толған мерейтойына байланысты «Аманат саған ән-мұрам» атты әдеби-сазды кеш өткізіліп, мұражайға саяхат жасау барысында бірқатар құнды материалдар мен «Өнегелі өмір өрнектері» деп аталатын әңгімелер, естеліктер мен ой-толғамдар жинақталған өз кітабын сыйға тартты.

Мұражай қорын сақтау бағытында әрине мұражайға әрдайым жасалатын тазалау жұмыстарын жатқызар едім. Экспозициялық жұмыс ретінде мұражай қорына сыйға тартылған заттарды орналастыруды айтуға болады. Ал, мұражайға саяхат бізде көбінесе мектеп оқушыларының қызығушылығының арқасында өтіп жатады. Әрине, мектеп мұражайларында жүргізілетін жұмыстардың бұл бір бөлігі ғана, мұнымен ғана шектелмей мұражайда бұдан да кең ауқымдағы іс-шаралар атқарылуы тиіс. Осы ретте өткізілген семинардың берері мол. Бұл жиын жан-жақтан жиналған мектеп мұражайшылары үшін тәжірибе алмасу алаңына айналды.

Семинар соңында «Кенен Әзірбаев» мемориалдық мұражайына саяхат жасалды. Онда мұражайға бекітілген гидтер мұражаймен таныстырып, мектеп оқушылары даярлаған әдеби монтаж көрсетіліп, ән-күй пәнінің мұғалімі Дәулет Әшімовтың орындауында Кенен Әзірбаевтың әндерінен паппури орындалды.

Осылайша, біліктілікті арттыру ұлттық орталығының «Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру» кафедрасының аға оқытушысы Перизат Қарақұлованың бастамасымен өткен дөңгелек үстелде қаралған мәселелерге сәйкес жоспар құрылып, тиісті іс-шаралар жүргізілетін болды.

Білім беру мекемелеріндегі оқу мұражайлары туған жерді терең, жан-жақты тани түсуге көмекші құрал болып табылады. Қазіргі жаҺандану заманында білім беру мекемелерінде адамзаттың рухани құндылығын сақтауға өз ықпалын тигізетін мектеп мұражайларының рөлі маңызды екені анық. Мұражай тек мектептің ерекше түрдегі оқу кабинеті ғана болып қоймай, ашық білім беру кеңістігіндегі басты тәрбие орталығына айналу қажет.

Назгүл Нүсіпқожаева,

Алматы облысы, Іле ауданы, Кенен Әзірбаев атындағы №15 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Кенен Әзірбаев» мұражайының жетекшісі

  • галерея

Недавние посты

Смотреть все

Сіз анимация жасап көрдіңіз бе?

ТӘУЕЛСІЗДІК – БІЗДІҢ БҮГІНІМІЗ БЕН БОЛАШАҒЫМЫЗ

19 ақпан - Бүкіләлемдік кит күні

Байланысымыз:

 

Қазақстан, Нұр-Сұлтан қаласы,  Кенесары көшесі, 40.

БО " 7 континент" 15 қабат.

Қабылдау бөлімі (факс) -8 (7172) 64-27-08.  

Ақпараттық-аналитикалық бөлім-8 (7172) 64-27-23.

Туристік-өлкетану, экологиялық-биологиялық бағыттағы бөлім-8 (7172) 64-27-24.

Ғылыми-техникалық бағыттағы бөлім- 8 (7172) 64-27-22.

Көркем-эстетикалық бағыттағы бөлім- 8 (7172) 64-27-32.

Әлеуметтік-педагогикалық бағыттағы бөлім - 8 (7172) 64-27-31.

Бухгалтерия - 8 (7172) 64-27-20.

 

E-mail: rumcdo12@mail.ru

 

© РҚББОӘО БжҒМ 2019 ж.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» РМҚК

РГКП «Республиканский учебно-методический центр дополнительного образования»

Министерства образования и науки Республики Казахстан

KZ

RUS

ENG

  • Бастапқы бет

  • Орталық туралы

  • Заңнама

  • Орталық қызметі

  • Баспасөз қызметі

  • Зияткер

  • More