Келесі жылдан бастап оқушылар арасында «Барсиада» өтеді
ҚР Білім және ғылым министрлігімен және жергілікті атқарушы билікпен бірлесе отырып 2015 жылы елімізде «Барсиада» өткізуді жоспарлаймыз. Бүгін Парламент Сенатында «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру аясында бұқаралық спортты заңнамалық қамту мәселелеріне арналған Үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осылай мәлім етті. «Аталған шара мектептер лигасының аясында спорттың 15 түрінен өтеді. Ал бүгінгі күні ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан мектептік және студенттік лигаларды қалыптастыру жұмыстары атқарылуда», - дейді А.Мұхамедиұлы. Министрдің сөзіне қарағанда, жыл басынан бері республика аумағында 27 мың 655 бұқаралық спорттық шара өткен, соның 17811-і ауылда жүзеге асты. Аталған шараларға шамамен 3 млн 363 мың адам қатысса, соның 2 млн 200 мыңға жуығы – ауыл тұрғындары. «Шынын айтсақ, қазіргі таңда бізге спорттық ғимараттар жетіспейді, халық спортпен белсенді түрде айналыса бастады. Астанадағы спорттық ғимараттардың өзі 120%-ға дейін жүктемемен жұмыс істеп отыр», - дегенді алға тартты министр.