«Цвет граната» ІІІ халықаралық фестиваль-конкурсында Қазақстаннан келген жас музыканттардың құрамында «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешенінің 8 оқушысы Павлодар облысының намысын қорғады. Конкурс «ХХІ ғасыр балалары» халықаралық жобасы шеңберінде көне Грецияның Салоники қаласында өткізілді.
Ғажайыпқа толы музыка әлеміне енген көрермендер қатысушыларға өз ыстық ықыластарын білдірді. Греция, Ресей, Болгария, Украина жоғары оқу орындарының профессорлар құрамына енген қазылар алқасы жас конкурсанттарымыздың өнерін шынайы және әділ бағалады. І орын иеленген Павлодарлық қатысушылар: фортепианодан Нагорняк Александр, Захаева Маймуна, Логинова Лидия, Хасанова Бэлла, Букаева Адина, Жанкушукова Дильназ, Нурланова Алима – скрипкадан. Жерлестеріміздің өнері жақсы бағаланып, орындаушылық қабілеттері көрермендер жүрегінен орын таба білді. Педагогтар Касьян Яна Оганесовна және Колаян Марго Хачатуровна конкурсанттарды дайындағаны үшін Алғыс хатпен марапатталса, «Конкурстың үздік концертмейстері» номинациясында М.Х. Колаянға диплом табыс етілді.