Семейде бұдан былай оқушыларға арналған жол жүру билеті сатылмайды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бұл мәселе жөнінде құлағдар болғанымен, қолдан келер еш шара жоқ екендігін жеткізді. Ал халық жолаушылар тасымалдаушы мекемесі мұндай қадамға әдейі барып отырғандығын айтады. Жжаңа оқу жылы бастала салысымен, жол жүру билеттерінің сатылымнан алынып тастауы семейлік ата-аналар мен оқушыларды абдыратып тастады. Себебі жүру билеттері қаражатты үнемдеуге едәуір көмек болатын. Теңлік Нұғыманова, қала тұрғыны: - Балаларға бір ай бойы ата-ана қайта-қайта ақша беріп отырғаннан гөрі, жол жүру билеті ыңғайлы. Бала ақшасын жоғалтып алуы да мүмкін. Расима Сұлтанқызы, қала тұрғыны: - Саяжайлардан, алыстан келетін балаларға обал болды. Автобустар қатынамайды. 2, 3 автобуспен мектепке келеді. Билеттің жарты бағасы деп 30 теңгеден алады. 3 автобусты санасаңыз, онда бір бағытқа 90 теңге жұмсайды. Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі бұл істе шарасыздық танытып отыр. Өйткені заңнамада оқушылардың жүру билеті жайлы ешқандай шара қарастырылмаған. Жолаушылар тасымалдаушылар осындай қадамға еріксізден барып отырғанға ұқсайды. Себебі билеттер арнайы тапсырыспен Ресейде жасалады. Жанна Шаймұратова, Семей қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі: - Жолаушы тасымалдаушылар жол билеттерінің барлығын Ресейден сатып алады. Расында да олар бұған көп қаржы жұмсайды. Олар есептей келе, мұндай билеттерді сатып алып, әр данасын 1,5 мың теңгеден сату тиімсіз деген шешімге келген. Сондықтан қыркүйек айынан бастап жол жүру билеттері сатылымда жоқ. Десе де қазірге оқушылар қоғамдық көлікте 50 пайыздық жеңілдікпен жүруін жалғастыруда. Айта кетерлігі, осыдан бірнеше жыл бұрын студенттердің де жол жүру билеттері сатылымнан алынып тасталған еді. Қазір қалада жалпыға ортақ жол билеттері ғана сатылады. Оның құны 5000 теңгені құрайды. www.24.kz