Тура жаңа оқу жылы бастала салысымен тегін жол жүру билеттерінің сатылымнан алынып тастауы семейлік ата-аналар мен оқушыларды абдыратып тастады. Себебі, жүру билеттері қаражатты үнемдеуге едәуір көмек болатын.
Теңлік Нұғыманова, Семей қаласының тұрғыны:
- Үнемі балаларға бір ай бойы ата-ана қайта-қайта ақша беріп отырғаннан гөрі, бала жоғалтып алуы мүмкін. Ал, проездной болса, сенімді болады ғой.
Расима Сұлтанқызы, Семей қаласының тұрғыны:
- Саяжайлардан, алыстан келетін балаларға обал болды. Автобустар қатынамайды. Екі автобуспен, үш автобуспен мектепке дейін келеді. Билеттің жарты бағасы деп 30 теңгеден алады. Үш автобусты санасаң 90 теңге.
Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі болса, бұл істе шарасыздық танытып отыр. Өйткені, заңнамада оқушылардың тегін жүру билеті жайлы ешқандай шара қарастырылмаған. Жолаушы тасымалдаушылар болса, осындай қадамға еріксізден барып отырғанға ұқсайды. Олай болатыны, билеттер арнайы тапсырыспен Ресейде жасалады екен.
Жанна Шаймұратова, Семей қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Жолаушы тасымалдаушылар жол билеттерінің барлығын Ресейден сатып алады. Расында да олар бұған көп қаржы жұмсайды. Енді есептей келе, мұндай билеттерді сатып алып, әр данасын 1500 теңгеден сату тиімсіз деген шешімге келіпті олар. Сондықтан, қыркүйек айынан бастап тегін жол жүру билеттері сатылымда жоқ.
Десе де әзірге оқушылар қоғамдық көлікте 50 пайыздық жеңілдікпен жүруін жалғастыруда. Айта кетерлігі, осыдан бірнеше жыл бұрын студенттердің де тегін жол жүру билеттері сатылымнан алынып тасталған еді. Қазір қалада жалпыға ортақ тегін жол билеттері ғана сатылады. Оның құны 5000 теңге.
Тілші: Сәруар Қабдолла
Источник: http://www.khabar.kz