АЛДАҒЫ ЖЫЛДАРЫ 315 МЫҢ ҰСТАЗ ҚАЙТА ДАЯРЛАУ КУРСЫНАН ӨТЕДІ
Ұстаздардың тамыз кеңесі аяқталды. Алдағы жылдары 315 мың ұстаз қайта даярлау курсынан өтеді. Педагогтердің республикалық дәстүрлі тамыз кеңесінің қорытындысында осындай жаңалықтың шеті шықты. Сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов салада 2016 жылға дейін тағы өзгерістер болатынын мәлімдеді. Республикалық маңызы бар кездесуге еліміздің түкпір-түкпірінен 900 маман қатысты. Пікіралмасу алаңында ең өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары пысықталды. ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов елде мектептердің жетіспеушілігін баса айтты. Қазіргі таңда орта білім беру мекемелерінде 70 мың адамға орын жоқ. Ол үшін биыл 73 мектептің құрылысы аяқталып, келесі жылы 47-сі салынбақ. Кездесуде Аслан Сәрінжіпов алда атқарылатын ауқымды жұмыстар жайлы баяндады. Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі: - Стратегиялық жоспар және 2014-2016 жылдарға арналған жоспарға сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігі өз жұмысын 3 бағыт бойынша жүргізеді: білім берудің барлық деңгейлерінде мазмұндық жаңарту, педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша бірыңғай үздіксіз жүйе құру және білім беру жүйесін жаңарту. Бұл шаралар елдегі мектепке дейінгі білім беру жүйесін үздік халықаралық стандарттар деңгейіне көтеруі тиіс. Жақында арнайы комиссия апатты жағдайдағы және 3 ауысыммен жұмыс істейтін оқу орындарын анықтады. Бұл олқылықты жою үшін министрлік жергілікті атқару органдарымен бірігіп бесжылдық жоспарды жүзеге асырмақ. Жыл соңына дейін апатты мектептер картасы жасалады. Бұл құжатқа еліміздің барлық өңірлеріндегі жөндеуді қажет ететін білім беру мекемелері кіреді. Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары: - 2014 жылдың 1тамызында республикада 176 апатты мектеп тіркелген. Жыл соңына дейін 56-сы апаттық жағдайдан шығарылады. Оған қаражат бөлінген және де елімізде әлі 103 мектеп 3 ауысыммен жұмыс істеп келе жатыр. Биыл олардың 11-нің жүктемесі азайтылады. Үш жыл ішінде барлығы 258 орта білім беру мекемесі салынады. Алдағы уақытта ұстаздардың біліктілігін арттыру үшін арнайы орталықтар ашылды. Бұл мекемелерде педагогтерді даярлаудың жаңа 3 деңгейлі жүйесі енгізілген. Алдағы 3 жылда жаңа технология бойынша 315 мың оқытушы қайта даярлау курсынан өтеді. Ал кездесудің соңында осы уақытқа дейін сапалы білім беріп, жоғары жетістіктерге жеткен ұстаздар министрлік атынан марапатқа ие болды. Авторлары: Дариға Ташенова, Өмірбек Ізімов
www.24.kz