Қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын бойға сіңіру, отбасында әже мен немере арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында 2022 жылдың 3 ақпан күні Тереңкөл ауданы Оқушылар үйінің ұйымдастыруымен облыстық деңгейде «Әжелер мектебі» тақырыбында шеберлік сағаты өткізілді.
Іс-шара барысында ардақты әжелеріміз балаларға құрақ-көрпе құрудың қыр-сырларын үйретіп, ою-өрнектің шығу тарихын түсіндіре отыра, құрақ-көрпе бұйымының жасалу жолын көрсетті.
Шеберлік сағатта үш дөңгелек үстел жұмыс жасады. Бірі немересіне құрақ-көрпеге арналған оюдың суретін салу тәртібін үйрете отыра, ою тарихына шолу жасап, ол не үшін қажет екенін түсіндіріп, бар білгендерін айтуға тырысты. Екінші әжеміз немересімен бірге дайын салынған оюды қиып алу жолын түсіндіріп, ою түрлерімен таныстырып өтті. Үшінші үстелдің қатысушылары ойылған дайын оюымызды іс машина арқылы материалға дұрыс тігу жолын көрсете білді. Іс-шара нәтижесінде қанатты қошқар мүйіз оюы бар, қазақтың жамбас жастығы тігіліп шықты.
«Әжелер мектебі» шеберлік сағаты арнайы безендірілген, ішінде киіз үйі құрылған «Қазақ ұлттық орталық» кабинетінде өткізілді. Әжелеріміз қыздармен бірге істерін тігіп, естеріне жақсы әндер түсіріп, әндетіп отырды.
Барша қатысқан адамдардың көңілдері көкке жетіп, бір марқайып қалды. Әжелерімізге дән риза болып алғысымызды білдіріп, баталарына ие болдық.
Comments