top of page

ҚАЗАҚ АРМИЯСЫНДАҒЫ ЕҢ БОЙШАҢ САРБАЗ ОТАН АЛДЫНДАҒЫ БОРЫШЫН АҚТАУДА ӨТЕП ЖАТЫР


Теңіз жаяу бригадасының қатардағы жауынгері Денис Балюктің бойы 2 метр 8 сантиметр.

Оған аяқ киім мен әскери форма арнайы тапсырыспен тігілген. Ұзын бойлы жігіт 1 айдан соң өзге сазбаздармен бірге салтанатты ант тапсыру рәсіміне қатысады.

Қостанай өңірінің жігіті қазақ армиясындағы бойы ең ұзын сарбаз. Денистің айтуынша, әкесі мен анасының бойы 2 метрге жуықтайды. Олар Динисовка ауылындағы ең ұзын адамдар екен.

Денис Балюк, қатардағы жауынгер:

- Бала кезімнен бойым ұзын. Мектепте, колледжде саптың басында тұратын едім. Армияға өз еркімен келдім. Медициналық комиссиядан өту еш қиындық тудырған жоқ. Мені алғаш көрген адамдар таңырқасып, қай жерден келгенімді сұрап жатады. Теңіз жаяу әскеріне қабылданғаныма қуаныштымын.

Армияға дейін Денис Балюк колледжде механизатор мамандығын оқыған. Қазір ол 20 жаста. Бойы ұзын болуының арқасында жастайынан баскетбол, волейбол ойнайды екен. Түрлі жарысқа қатысып, командасының жеңіске жетуіне өз үлесін қосқан спортшы. Бойшаң жауынгерге асханада 2 адамның тамағы беріледі.

Алимордон Исрайлов, №25744 теңіз жаяу әскері батальон командирінің орынбасары:

- Бұл сарбазға біз ерекше көңіл бөлеміз. Дене дайындығы жағынан және әскери тәртібі жағынан. Мұндай сарбаздарға киім үлгілері арнайы тігіледі. Теңіз жаяу әскері бригадасы әскери бөлімдердің ішінде арнайы болып есептеледі. Мұндай сарбаздар бізде жыл сайын жиі кездеседі.

Расында, еліміздің теңіз жаяу әскері бойшаң, алып денелі жігіттерден құралған. Мәселен, былтыр күзге дейін Азат Мұхамедов есімді сарбаз Отан алдындағы борышын дәл осы әскери бөлімде өтеді. Оның бойы 2 метр 3 сантиметр. Оның ізін басқан Денис келер айда ант тапсырған соң, қазақ армиясында 1 жыл қызмет атқарады.



Comments


bottom of page