top of page

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қоғамдық кеңесі құрылды

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің заңнаманың жаңа талаптарына сәйкес қалыптастырылған Қоғамдық кеңесінің бірінші отырысы өтті. Оның құрамына Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, М. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ АҚ басқарма төрағасы – Талғат Нәрікбаев, сондай – ақ бірқатар қоғам қайраткерлері мен ғалымдар - Мұрат Әбенов, Исидор Борчашвили, Марат Бәшімов, Кәкімжан Бишманов, Айнұр Сәбитова, Мэлс Семғалиев, Ербол Үстеміров кірді.

Ашық дауыс беру бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы болып «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы – Д. Қыдырәлі сайланды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы М. Ахметжанов өзінің құттықтау сөзінде мемлекеттік аппарат тиімділігінің басты көрсеткіші азаматтардың сенімі болып табылатынын атап өтті. Сондықтан, оның айтуынша, агенттік жұртшылықпен сындарлы серіктестікке мүдделі. Ведомство басшысының пікірінше, бұған қоғамдық кеңестердің мәртебесін көтерген, оларды нығайтып, кең өкілеттік берген заңнамаға биылғы жылы енгізілген түзетулер де ықпал ететін болады.

Осыған сүйене отырып, Агенттіктің қызметінде болып жатқан барлық процестерге қоғам өкілдерінің белсенді түрде қатысатынын атап өтті. Олардың ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдаулар мен мониторингтерді жүргізу, түрлі жобаларды іске асыру, Antikor-орталықтарының жұмысы және т.б. «Мұндай тәсіл біздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатымызды одан әрі дамытуға қуатты серпін береді», – деп атап өтті Агенттік Төрағасы.

Сондай-ақ, Президенттің тапсырмасы бойынша Агенттік әзірлеп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты дамыту тұжырымдамасы туралы айтып берді. «Оны әзірлеуге біз азаматтық қоғам өкілдерін тартуды жоспарлап отырмыз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық бей – жай қарамайтын азаматтар мен біздің жұртшылықты белсенді қатысуға және өз ұсыныстарын енгізуге шақырғым келеді», - деп түйіндеді.


Comments


bottom of page