Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі LinkedIn.com интернет-ресурсының бұғатталуына байланысты туындаған жағдай бойынша LinkedIn компаниясының ресми өкілдерімен келіссөздер жүргізген.
"LinkedIn сайтының әкімшілігі өз сайттарында жарияланған материалдарда Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу дерегі анықталғандығы туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жолдаған хабарламаны қарастырып, Қазақстан тарапының талаптарын негізді деп танып, интернет-ресурстан заңсыз контентті алып тастады. Осыған байланысты, қазақстандық пайдаланушылар үшін АҚДМ-мен LinkedIn.com интернет-ресурсына қолжетімділікті қалпына келтіру бойынша тиісті шаралар қабылданды", - делінген хабарламада.
LinkedIn компаниясының өкілдерімен өзара сындарлы диалог құрып, қос тараптың тиімді ынтымақтастығын одан ары жалғастыру туралы келісімдерге қол жеткізілді, делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда іскерлік байланыс орнату және іздеуге арналған LinkedIn әлеуметтік желісі бұғатталғаны хабарланған болатын.
Comments