Білім алушылардың қоршаған ортаны қорғау қызметіне тарту арқылы экологиялық мәдениетін арттыру және туған өлке табиғатына пайдалы еңбек ету мақсатында 2022 жылдың 3 ақпан күні «ZOOM» платформасы арқылы «Экологиялық тәрбиедегі акциялардың маңызы» тақырыбында облыстық дөңгелек үстел өткізілді.Дөңгелек үстелге аудандық, қалалық білім бөлімі жанындағы оқу-әдістемелік орталықтарының мамандары, жалпы білім беру ұйымдарының экология бағытындағы үйірме жетекшілері мен биология пәні мұғалімдері, барлығы 52 қатысушы қамтылды.Бағдарламаға сәйкес Қарақия ауданы, жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының биология пәні мұғалімі М.Аманғалиева «Экологиялық тәрбиедегі акциялардың маңызы» тақырыбындағы баяндамасында оқушылармен бірге өз тәжірибесінде тек сенбілік, тазалық жұмыстарымен айналысып қана қоймай, экоквесттер, онлайн киномарафон мен экодәрістер, кинотеатрдағы жасыл лента әдістерін эко-акциялар жүргізу барысында қолданып, жан-жақты ұйымдастыруға болатынын ортаға ұсынды. Ақтау қаласы, №13 гимназиясының биология пәні мұғалімі Б.Мырзабекова «Мұғалім – экологиялық мәдениетті қалыптастырушы тұлға» баяндамасымен бөлісіп, қоғамдық сананы экологизациялау мақсатындағы алты бөлімді құрайтын «Ұрпаққа аманат» жобасымен таныстырды. Мұнайлы ауданы, №10 жалпы білім беру мектебінің биология пәні мұғалімі Г.Уралбаева және Түпқараған ауданы, Ақшұқыр мектеп-лицейінің биология пәні мұғалімі А.Жеткізген білім беру ұйымы аясында өткізілген экологиялық акциялар туралы баяндады.
Орталықтың экологиялық-биологиялық бөлімінің әдіскері Т. Досжанов дөңгелек үстелге қатысушыларды ағымдағы жылға арналған іс-шаралар жоспарымен таныстырып: «Эко-марш», «Өмір сүр – Жер!», «Ағаштарға өмір сыйлаймыз» өлкенің тарихи-мәдени нысандарына жүргізілетін экологиялық абаттандыру акция-байқауларына белсене қатысуға шақырды. Сонымен қатар облыстық білім басқармасының іс-шаралар жоспарына сәйкес, орталық тарапынан ұйымдастырылатын байқауларда жоғары белсенділік танытқан жеңімпаз оқушылар мен оларды дайындаған үздік жетекшілеріне «Жұмбақ-Көкшетау» танымдық саяхатының жолдамасы берілетінін хабарлады.
Comments