ШЫМКЕНТТЕ 8000 БАЛА БІЛІМ БЕРУДІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ АЯСЫНДА ҮЙІРМЕЛЕР МЕН СЕКЦИЯЛАРҒА ТЕГІН ҚАТЫСА АЛАДЫ
Білім беру жүйесін дамыту жөніндегі Жол картасы аясында биыл мамыр айында «Оқушылар сарайы» мен «Өнер мектебі» пайдалануға берілетін болды. Жаңа нысандар Шымкент қаласының тағы сегіз мың баласын тегін қосымша біліммен қамтиды.
Қалалық білім басқармасының мәліметінше, оқу орындарының инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық жарақтандырылуы жақсаруда. 141 мектепке 320 интерактивті панель, химия және биология кабинеттері сатып алынды. Нәтижесінде пәндік кабинеттердің үлесі 72%-дан 85%-ға өсті. Сонымен қатар төрт мектеп аумағында типтік спорт алаңдары салына бастады. №65, 8, 45 мектептердің қосымша құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің соңғы үлгідегі қосымша құрылысы да маусым айында бітеді.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласының білім беру жүйесін дамыту жөніндегі Жол картасы балалардың қауіпсіздік мәселелерін де қамтиды. Оны іске асыру үшін бейнебақылау жүйелері, турникет, жедел басқару Орталығына қосылған дабыл түймелерімен жабдықтау 100% орындалды. Бүгінгі таңда қаланың барлық мектептері I-ші дәрежелі мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарын цифрландыру қарқыны артқан. Айта кетейік, бүгінде қаланың жүз мектебінде интернет жылдамдығы 100 мб/с дейін өсті.
Comentarios