Қалалық көркемсурет лицейі –ЮНЕСКО Клубы, Ақтөбе облыстық өнер музейінде қараша айында «Ши тоқу - қолөнердің маржаны» тақырыбында көрме өтті.
Мақсаты: Қазақ халқының қолөнерімен таныстыру, көрерменнің жоғары ұлттық рухани ойын дамыту, эстетикалық талғамын қалыптастыру, өнер туындыларының мәнін түсіндіру.
Өзектілігі: Қазақ халқының дәстүрлі қолөнері - ши тоқуды қайта жаңғырту, асыл қазынасын кейінгі ұрпаққа үйрету арқылы шығармашылық шеберлігін арттыру.
Ши тоқу-бұрын және қазіргі кезде қазақ халқы мен Орта Азия халықтары арасында кен тараған сәндік-қолөнер түрі. Бүгінгі таңда қазақ халқының ұлттық-мәдени қайта өркендеуі жағдайында жеткіншек ұрпақты жан-жақты жеке тұлға ретінде тәрбиелеудің заңды қажеттілігі арта түсуде. Мұндай жағдай жеткіншек ұрпақты өз халқының рухани қазынасымен, оның ішіндегі ұлттық қолөнер бұйымдарымен тереңірек таныстыру қажеттілігін тудырады.
«Ши тоқу - қолөнердің маржаны»/«Чи - жемчужина прикладного искусства» атты Қалалық көркемсурет лицейі оқушыларының және ұстаздарының шығармашылық жұмыстарының көрмесі – бұл көп жылдар бойы көркемсурет лицейінде жинақталған қолөнер туындылары қорынан тұрады. Қалалық көркемсурет лицейінде, соның ішінде қазақ бөлімінде оқушыларға, ұмыт қалған қолөнерді дәріптеу бойынша композиция сабағында қазақ халқының қолөнерінде кең тараған «Ши» технологиясы 2008 жылдан бері үйретіледі.
Оқушыларды қолданбалы өнердің киіз басу және ши тоқу өнеріне баулу бойынша, нәтижелі шыққан жұмыстар соңғы онжылдықтың ішінде көптеген байқаулар мен көрмелерге қатысып, қалың көрермен назарына ұсынылып келеді. Соның ішінде қалалық, облыстық, республикалық көркем мәдени іс-шаралар аясындағы семинар, кездесу, форум, конференция көрмелерінде болды. Халықаралық «Арт самғау» байқауы - 2013 жыл, республикалық «Алтын қазына» шығармашылық байқауында 2018, 2019, 2020 жылдары, Халықаралық «Әлем таланттары» 2021 жыл –жүлделі орындар алды. Сонымен бірге жылдар бойы ЮНЕСКО жобасы аясындағы «Балалар әлемді бейнелейді. Орталық Азия» атты байқауында қатысып, атаулы альбомдар сериясында жұмыстар басылды. Ши тоқу өнері балалардың композициялық ой ойлау қабілеті, эстетикалық талғамы мен қол моторикасын дамытуда ерекше орын алады. Орындалған жұмыстар негізінен шидің үш түрінен (ақ ши, ораулы ши және шым ши) шым ши түрінде жасалған, барлығы 11-16 жас аралығындағы оқушылар орындаған 100-ге жуық қайталанбас туындылар.
Кештің ашылуында ҚР Шеберлер Одағы Ақтөбе филиалының төрайымы Бердібекова Лаура Қуантайқызы сөз сөйлеп, ыстық лебіздерін білдірді. Сонымен бірге Ақтөбе облысы медиаторлар қоғамының мүшесі, тәжірибиелі педагог, медиатор Әбілдаева Бибігүл Әбдішүкірқызы өз сөзінде көрме жұмыстарының қайталанбас туынды екенін айтып, жас дарындарға шығармашылық шабыт тіледі.
Comments