Қалалық білім басқармасының жан-жақты қолдауымен шаһардағы білім беру ұйымдарында бес күндік білім берумен қатар тағылымды тәрбие дарыту мақсатындағы түрлі мазмұндағы іс-шаралар ұтымды ұйымдастырылуда. Осы орайда біздің ұйымшыл ұстаздар ұжымы да биылғы жаңа оқу жылының шеңберінде халықаралық қарттар күніне орай оқушылар тарапынан “Менің сүйікті атам мен әжем” тақырыбында бейне үзіктер түсірілуіне тиісті мүмкіндіктер жасалды.
Басты мақсат: үлкенді құрметтеп, сыйлауға ата-дәстүрімізді сақтауға, өз ата, әжелерінің ісін үлкенге өнеге, кішіге үлгі ете білуге және мейірімділік, қайырымдылық, қамқорлық, кішіпейілділікке үйрету болатын. «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбында эссе байқауы ұйымдастырылып, 5-6 сыныбының оқушылары белсенділік танытты. Шәкірттеріміз эсседе құрметті жас – даналықтың жасы екенін көрсетіп, ата-әжелері жақсы және пайдалы нәрселерді үйреткені туралы айтып берді.
Негізгі ұстаным – аға ұрпаққа алғыс білдіру, денсаулық, бақыт тілеу, сондай-ақ жақын адамдардың сүйіспеншілігі мен қамқорлығы, жалпы қоғамға құрметпен қарауды көздейді. 8 “ә”, 11 “б” сынып оқушылары халықаралық Қарттар күні мерекесінде аға буын ардагерлерге құттықтау парақшалар мен ашық хаттар дайындап, әзиз жандармен кездесулерде мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
“Мұғалімдер күні” мерекесіне орай, ұлағатты ұстаздардың құрметіне арнап, ізгі ниеттерін білдірген 1-11 сынып оқушылары арасында ”Ұстазыма мың алғыс” атты тақырыпта сынып сағаттары ұйымдастырылды. Мақсат – жас ұрпақты ұстаздарды құрметтеуге, мұғалім мамандығының қыры мен сырын түсіндіру, педагогтердің ерен еңбегін бағалай білуге үйрету. Және дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің бастамасымен мектеп ұстаздары арасында волейболдан жарыс ұйымдастырылып, бастауыш сыныптың ұстаздарынан құралған команда жүлделі бірінші орынға ие болды.
Республика күніне орай тоғызыншы сынып оқушылары арасында “Мен армандаған Қазақстан” атты тақырыпта эссе жазудан арнайы байқау өтті. Бұл байқау оқушылардың азаматтық сана-сезімін дамытуға, ел тағдырына қатыстылығы мен болашағы үшін жауапкершілігін тәрбиелеуге бағытталған. “Тәуелсіздік ұрпақтары” тақырыбындағы сынып сағатында өскелең буынға Егемендік декларациясы мен Тәуелсіздік заңының қабылдануы мен азаттық жолында қажырлы қызмет атқарған қоғам қайраткерлерінің ерлікпен еншілес еңбегіне қоса ұлттық рухта тәрбиенің басым бағыттары түсіндірілді.
Және ерекше білімді қажет ететін оқушылар арасында “Күн сәулелі Қазақстан” тақырыбында суреттер байқауы ұйымдастырылып, елі мен жеріне перзенттік сүйіспеншілік сезімін қағаз бен бояу арқылы мазмұнды жеткізе білген талантты жастарға түрлі марапаттар табысталды.
Дереккөзі: https://bilimdinews.kz/?p=244766
Comments