«Бөбек» ҰҒПББСО Оқу-сауықтыру кешенінің директоры Аденова Мақпал Қамитқызы тікелей эфирде «Бөбек» ҰҒПББСО-ның «Өзін-өзі тану» бағдарламасының оқу-сауықтыру кешенінде балалардың жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру туралы» тақырыбы бойынша сөз сөйледі, – деп хабарлайды осы орталықтың баспасөз қызметі.
Мақпал Аденова жаз мезгілінде барлығы 3 сауықтыру кезңі өтетінін айтты. Әр сауықтыру кезеңі еліміздің түпкір-түпкірінен 110 аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларын, жетім балаларды қамтиды. Жыл сайын сауықтыру кешенінде 1320 бала демалып, сауығып қайтады. Сауықтыру кезеңінің ұзақтылығы 22 күн. Сонымен қатар, ол кешенде өткізілетін барлық іс-шаралар жалпыадамзаттық құндылықтарына негізделетінін атап өтті.
Оңалту және сауықтыру бағдарламасы көрсетілімдер бойынша дәрі-дәрмекпен емдеуді; инфекцияның созылмалы ошақтарын емдеуді: стоматолог пен лор-дәрігердің консультацияларын; кардиолог, невропатолог, офтальмолог, хирург, ортопед, дерматолог, эндокринолог, жақ-бет хирургі мамандарын тексеруі және олардың консультацияларын; клиникалық-аспаптық тексеру; оқу-тәрбие қызметі және бос уақытты ұйымдастыру; балаларға психологиялық-педагогикалық көмекті қамтиды.
Сондай-ақ, Мақпал Аденова «Өзін-өзі тану» оқу-сауықтыру кешенінің қызметін жоспарлау, оқу-сауықтыру кешенінің бейімделу және сауықтырылу бағдарламасы туралы, балалар үшін өткізілетін сабақтар, үйірмелер мен клубтар туралы толық мәлімдеді.
Comments