Ақын, тарихшы, этногораф, шығыстанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Тірлікте көп жасағандықтан Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне, көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал» кітаптары әкелінді.
Pavlodarnews.kz интернет-порталының хабарлауынша, сол кітаптардың негізінде «Ғұлама ақынның мұралары» атты дөңгелек үстел өткізілді. Онда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Мәшһүр Жүсіптің 1907 жылы жарыққа шыққан кітаптары таныстырылды. Бұл еңбектер «Ғылым ордасы» сирек қолжазбалар кітапханасынан алынған.
«Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» сирек қолжазбалар қорында жылдар бойы сақталып келе жатқан ақынның асыл жауһарлары – қолжазбалары, кітаптары бар. Сол үш кітаптың көшірмелерін әкелдік. Ақынның «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Хал-ахуал», «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты үш кітабы 1907 жылы Қазан қаласында жарыққа шыққан. Сол кезде жазған шығармалары түгелімен қазақ халқының бостандығы, саяси-экономикалық құқықтарымен байланысты болған», – дейді Ербол Қайыров.
Мұражай басшысының айтуынша, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 1907 жылы шыққан кітаптары патша әкімшілігінің цензурасына ілігіп, оның барлығы «Ресей патша билігіне қарсы мақсатта жазылған» деп танылып, кітаптары баспаханалардан алынған.
Сондай-ақ Құсайыновтар баспаханасына 12 000 сом айыппұл салынып, ақынның өзі қудалауға ұшыраған.
Енді Мәшһүр Жүсіптің кітаптарын әр адам мұражайға келіп оқып, олармен жақын таныса алады.
Comments