top of page

Кәсіби би өнерінің ерен тұлғасы

Биыл еліміздегі хореография өнерінің аңызға айналған тұлғасы, қазақ биін дәріптеуші, зерттеуші, жоғары оқу орнында хореография кафедрасын ашып, бишілердің елімізде кәсіби жоғары білімін қалыптастырған ғалым, Халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Дәурен Әбіровтің туғанына 100 жыл толып отыр.

Біз 1985 жылдың жазында Алматы хореографиялық училищесін «халық би ансамблінің әртісі» мамандығы бойын­ша 39 түлек бітірген едік. Курсымыз­ды «Алтынай» фольклорлық би ан­самб­лін құру үшін Алматы облыстық фи­лар­монияға жіберді. Ол кезде біз не­бәрі 4 жігіт едік, кейін бір әріптесіміз үйіне кетіп қалды. Сонымен үш жігіт қал­­дық. Қатарымызда 8 қыз бар еді. Кейін хореографиялық учи­лищені бұрын бітір­ген басқа бишілер де біздің ұжымға кел­ді. Жұмыс өте көп болатын. Сол кезде қойы­лымдық жұмыс­тардың барлығы бізге қызық көрінетін.

Училищеде ұстазымыз Ғайника­мал Нығметжанқызы өз халқына деген зор сүйіспеншілік, табандылық, шы­дамдылықпен «қазақ биінен» сабақ беріп, «бұл қимылды немесе этюдті ма­ған Шара апа үйретті» деп әрқашан үлкен мақтанышпен айтып отыратын. Бүгінде ұлт мақтанышы Ша­ра Жиенқұлова апайды кім білмейді? Ғай­никамал апайдың сабақтары аса қызық өтетін. Керемет қимылдар мен этюдтер үйрететін, тек мен ғана емес, барлық бишілер, хореографтер ол кісіге өте риза болып жүретін.

Бір күні «Алтынай» фольклорлық би ансамблінің дайындығына қазақ биінің аңызы Шара Жиенқұлованың өзі келді. Ол кісі жеке орындаушыға «Айжан қыз» биін және «Қазақ вальсі» атты көпшілік биін қойды. Өте жемісті жұмыс болды. Тағы бірде дайындығымызға балетмейс­тер Дәурен Әбіров келетінін хабарлады. Біз ақыры ер балетмейстер келіп, жігіттерге шеберлігін үйретеді деп шын қуандық.

Дәурен Тастанбекұлы дайындықты бастаған кезде біз шабыттанып, бұл би нағыз ер адамдар үшін, біздер үшін екенін түсіндік. Ол кісі осы қойы­лым арқылы жастарға рух берді, ұлты­мызға деген мақтаныш сезіміміз артты. Әсі­ресе хореографтің ұлы композитор Құр­манғазының «Бал­бырауын» күйіне қойған ер мінезді, жігерлі би қойылымына қатты қуандық.

Уақыт өте келе ұжымымыз барлық мемлекеттік деңгейдегі концертке қаты­­са бастады. Осылайша, ұлттық би­мен саналы түрде айналысып, шың­дала бастадық. Кейінірек біздің «Ал­тынай» фольклорлық би ансамблі шетел­дерге гастрольге шыға бастады.

Бүгінде Құрманғазының «Балбы­рауын» күйіне қойылған ерлер биі көп­теген кәсіби хореографиялық ұжымның репертуарында бар, егер қателеспесем, бұл шығарма Қазақстанның брендіне айналған. Мен бұл биді басқа би топ­тарының репертуарынан көргенде «Иә, қазақтар да – мәдениетті халық, басқа өркенді ұлттар сияқты, біздің де өз тіліміз, әдебиетіміз, поэзиямыз, музыкамыз және хореографиямыз бар», деп жүрегімді мақтаныш сезімі кер­нейді. Өйткені «Балбырауын» биі – бү­гінде халықтың игілігі. Оны еліміздегі барлық хо­рео­­графиялық ұжым репертуарына ен­гіз­се, барлық отбасылық мерекеде биле­ніп, бұқаралық мәдениет қалыптасар еді.

Хореограф маман, «Наз» мемлекеттік би театрын құрушы әрі жетекшісі ретін­де айтарым: «Балетмейстер Дәурен Әбіров, біздің Дәурен ағамыз қазақ хореографиясының алып ұстыны, зерт­теуші ғалымы». Ол қазақтың би өнері туралы естеліктерін құжаттап, би мәде­ниетін көкке көтеріп, ұлтымызбен қайта қауыш­тырды.

Дәурен Әбіров суретші Әубәкір Ис­маиловпен бірге үлкен ғылыми жұ­мыс істеп, бізге және болашақ ұрпаққа «Қазақтың халық билері» атты баға жетпес кітабын мәдени мұра ретінде қалдырды. «Қара жорға», «Тепеңкөк», «Қазақ биі», «Балбырауын», «Сылқыма», «Келіншек», сондай-ақ «Өрмек» лири­калық билері» (Иірілген жіп), «Аққу», «Аю биі», «Құс­бегі-Дауылпаз» (аңға түсетін бүркітті үйрету сахнасы), «Қоян биі», «Аққу биі», «Қаз қатар», т. б. қазақ билерінің бар екендігі туралы көптеген мысал келті­ре отырып жазды.

Кітаптың авторы әйгілі халық әзіл­кеші, ХІХ ғасырда өмір сүрген Ағашаяқ (Рахым­берді) туралы былай деп жазады: «Ол биді шөккен тоғыз түйеден секірумен біріктіретін күрделі нөмірді орындады. Би кезінде ол әйгілі «Қалды-ау, қалды-ау, қыз қалды-ау» әнін шырқады. Көрермендер бишімен бірге ән шырқап, би ырғағымен тербелді», деп жазады. Мұнда мен автор Дәурен Әбіровтің «көрермендер бишімен бірге ән шырқап, би ырғағымен тербелді» деген тұсын атап өткім келеді. Яғни ол қазақ би мәдениетінде бишілер немесе жалғыз биші ғана емес көрерменнің өзі бидің ырғағына түсіп, тербеле ала­тынына тоқталады. Көрерменнің әнмен, ырғақпен қосыла үндесуі, яғни көп­шіліктің де тербеле билеуі – жоғары мораль­дық сезімді, бүкіл халықтың бір­лі­гін мазмұндайтынын айтады.

Ең бастысы, Дәурен Әбіров қазақтың би өнері қазынасын кейінгіге жеткізе білді, осы жолда тер төкті.

Кітапта қазақ биінің қимылдары мен суреттері өте жақсы сипатталған, сәтті бейнеленген.

Бүгінде хореография саласында жүр­ген ұлттық мамандар Дәурен Әбіров­тің еңбегін ри­зашылықпен еске алады.

Ол – өз ұлтына, ел мәде­ниетіне ерек­­­­ше қызмет еткен тұлғалы азамат. Ха­лықты халық ететін тілі мен өнері десек, Д.Әбіров – би өнеріндегі қай­таланбас мэтр. Атап айтқанда, музыка, би, қолданбалы өнер, бейнелеу өнері және тағы басқа да салалар бойынша атқарған жұмысын тауысып айту мүмкін емес.

Осы орайда Дәурен Әбіровтің 100 жылдығын еске алуға арналған іс-шара­ларға тоқталып өткен дұрыс.

Биыл Қазақ ұлттық хореография академия­сы Халық әртісі Дәурен Әбі­ров атындағы қазақ жеке ерлер биін орын­даушылардың I республикалық бай­қауын, Қазақстанның еңбек сіңірген әр­тісі, өнертану кандидаты, профессор Тойған Ізімнің бастамасымен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйым­дастырылды.

Сонымен қатар Д.Әбіровтің перзенті «Бала­бақшаларға арналған билер» атты кітабын қайталап басып шығарды. Бұған қоса арнайы фотокөрме өткізіліп, Д.Әбіровтің 100 жылдық мерейтойына арналған кітаптың тұсауы кесілді.

2023 жылдың 10 ақпанында Темір­бек Жүргенов атындағы ҚҰӨА «Хо­реография» факультеті хореографтың 100 жылдығына арналған «Дәурен Әбі­ров – тұңғыш қазақ балетмейстері» атты дөңгелек үстел өткізді.

«Қазақ хореографиясының қалып­тасуы мен дамуындағы Дәурен Әбі­ров шығармашылық орны» атты кеш ұйымдастырылды.

«Bi-alem» мәдени хореография орта­лығы қоғамдық бір­лес­тігі мен Қорқыт Ата атындағы уни­верситеті дәстүрлі музыка өнері және хореография кафедрасының ұйым­дастыруымен «Ұлттық келбет – бек­зат бейне» атты дөңгелек үстел өтті. Атал­ған «Bi-alem» бірлес­тігі­­ «Қай­нар бұ­лақ» I респуб­ликалық би фес­тиваль – бай­қауын да жоғары деңгей­де ұйым­дастырды. Осы қоғамдық бірлес­тік­тің бастамасымен Д.Әбіровтің 100 жыл­дығына ар­налған би өнерінен ше­бер­лік сыны­бы өтіп, оны Қытайдағы Шың­жаң өнер академиясының доценті, педагог-балетмейстер, қазақ биін зерттеуші Қастер Шәймұратұлы, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің әртісі, Мәдениет саласының үздігі Денис Витченко жүргізді.

Тараз қаласында Жамбыл облыстық білім басқармасының қолдауымен Мек­теп олимпиадалары және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың «Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблі ұйым «Би қанатында» облыстық би байқауын ұйымдастырды.

Орал қаласында «Қазақ хорео­гра­фия­сының көшбасшысы – Дәурен Әбі­ров» кітабының авторы, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті білім беру бағдарламасының жетекшісі, өнертану кандидаты, Мәдениет сала­сының үздігі, «Ы.Алтынсарин» төсбел­­гісінің иегері Қарлығаш Айт­қалие­ваның жетекшілігімен «Тұңғыш қазақ кәсіби балетмейстері, хореография өнері мен білімінің көрнекті қайраткері Дәурен Әбі­ровтің мерейтойына орай салтанатты іс-шара болды.

Біз, хореографтер, алдағы уақытта да би өнері қайраткерлерін ұмыт­пай, олардың баға жетпес еңбектерін бола­шақ ұрпаққа жеткізуіміз керек.

Біз бүгін рухани байлы­ғымызды, фольклорлық өнерімізді, дара­­лығымыз бен тілімізді сақтай ал­ма­­сақ, онда – елдігімізге сын. Қазақстанның би өнері – әлемге мақтанышпен көрсете алатын төлтума, бірегей мәдениет саласы. Біз осы өнердің қалыптасуында қайталанбас орны бар біртуар Дәурен Әбіровті ұмытпауға тиістіміз.


Comments


bottom of page