top of page

Кіші Талдыкөлдің тағдыры не болмақ?



Елордада кіші Талдыкөлге қатысты шу шықты, деп хабарлайды «Хабар 24». Қазір оның жағалауына құм төгіліп, көлшік арнасы кішірейтіліп жатыр. Тұрғындар табиғи суды құрғатып жатыр деп алаңдайды. Ал қарсы тарап басқаша уәж айтады.

Халық арасында кіші Талдыкөл аталып кеткен бұл су – құс атаулының құтты мекені. Көлшікті жағалай бойлаған үй тұрғындарының көз құрты. Қанаттылардың мекеніне қиянат қылды деушілер бар. Өйткені қазір оның жағалауында құрылыс жұмыстары қауырт жүріп жатыр. Осыған алаңдаулы тұрғындар көлшікті сақтап қалу үшін дабыл қақты. Алайда «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсы қоғамдық бірлестігінің басшысы Азаматхан Әміртаев олардыкі құр байбалам салу дейді.

Азаматхан Әміртаев, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы РҚБ президенті:

– БҰҰ-ның халықаралық экологиялық ұйымның стандарты бар, қаланың ішінде сасық көл орналаспау керек деген, тыйым салынған стандарты бар. Егер ондай сасық көл болатын болса, сол жерде тұрып жатқан балалар келіп шомылып кетуі мүмкін. Ол жерге кішкентай балалар құлап кетуі мүмкін. Сондай қаупі бар оның. Ол жерде әртүрлі жұқпалы ауру болуы мүмкін. Қазір көлшікке еш жерден су келмейді, демек ол табиғи жолмен жаңармайды. Содан ол кеуіп жатыр.

Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, жан-жағын құммен басып, тарылтса,-судың деңгейі көтерілмек. Ал көлдің экологиялық жүйесін сақтауға бекінгендер су маңын құрылыс салу үшін құрғатып жатыр деген пікірде. Мұндай пайымға негіз болған мына бейнежазбалар. Онда ауыр техниканың көмегімен құм төгіліп, тегістеліп жатқаны көрінеді. Руслан Оразалиев, қазақстандық биоалуандықты сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері: – Жыл сайын бұл территория 100 млн доллардың қызметін көрсете алады. Ол ең алдымен реттеу функцияларын атқарып отыр. Таза ауамен дем алу жағдайына ешкім нақты баға бере алмайды ғой.

Көл суы – табиғи ауа ылғаулдаушы. Яғни маусым бойында ол ауаны буландырып тұрады. Осылайша шаңсыз таза, ылғалды ауамен тыныстаймыз. Міне, осыған халықаралық тәжірибені негізге ала отыра, монетарлық баға беруге тырыстық. Ғалымның пікірінше, көлдің мәдени, экологиялық, моральді-психологиялық демалыс орны ретінде құны жоғары. Ал әкімдік көл аумағын тек кадастрлық тұрғыдан бағалап, оның құнын арзандатқандай.

Бақыт Топтаева, тілші:

– Кіші Талдыкөлді тірідей көміп жатыр деп қоғам белсенділерінің дабыл қаққанына жылға жуықтады. Содан бері қандай да бір нәтижеге қол жеткізені шамалы. Қала әкімі де, құрылысқа жауапты мекеме де көл кешеніне еш экологиялық зиян келмейді, ол сақталады деп сендіріп келді. Енді мәлім болғандай, кіші Талдыкөл қаланың бас жоспарынан жоғалып кетті. Яғни оны картадан мүлде алып тастады. Бұл нені білдіруі мүмкін? Мәлім болғаны, экология министрлігінің су қоры жөніндегі комитеті Кіші Талдыкөлге қарасты көлшіктерді су қоры тізімен алып тастаған. Бірақ әкімдік кіші Талдыкөлды сақтайтынын хабарлады.

Бас жоспарға жауапты мекеме өкілі де оның жоспарда қалғанын жеткізді. Тек аумағы 20 гектарды құрайтын көлдің маңын қаншаға тарылатынын айта алмады. Арсений Пирожков, Астана бас жоспары директорының орынбасары: – Нақтысын айта алмаймын, менде ондай мәлімет жоқ. Кіші Талдыкөлдің тағдыры қалай болатыны беймәлім. Көлді тазартып, тереңдетпек болса, жағалауын құрғатып, құммен тегістегені түсініксіз. Дабыл қаққан бастамашыл топ көлді сақтап қалу үшін барын салатынын жеткізді. Тіпті қажет болса, халықаралық ұйымдарға жүгінуден тайынбайды.


Comments


bottom of page