ТӨЛЕНДИЕВА КАМИЛА СЕРИКҚЫЗЫ
«Жігерлі және қайратты, белсенді әлеуметтік ұстанымға ие» деген сөздерді өз ісінің шебері, мықты маман - Төлендиева Камила Серікқызы туралы десек қателеспейміз. Төлендиева Камила Серикқызы 1996 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетін аяқтап, 1997 жылы Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын Республикалық мектеп-интернатта тәрбиеші және қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. 1998 жылы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрларының біліктілігін арттыратын Республикалық институттың, этнопедагогика зертханасының әдіскері, Ы.Алтынсарин атындағы білім Академиясының тәрбие институтының этнопедагогика зертханасының меңгерушісі болып қызмет атқарды Камила Серікқызы қосымша білім беру саласындағы еңбек өтілін 2009 жылы «№7 Оқушылар үйі» МКҚК қосымша білім беру педагогі – «Жас көшбасшы» үйірмесінің жетекшісі ретінде бастады. «№7 Оқушылар үйі» инклюзивті қосымша білім беру бөлімі ашылған күнен бастап Аутистік спектрінде бұзылыстары бар ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жүргізілетін жұмыстың негізін қалаушылардың бірі болып, одан әрі инклюзивті қосымша білім беру бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалды. Камила Серікқызы дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «СST Балаларды дамытуды үйренеміз» бағдарламасының тренері, ICBT халықаралық тренерлер мектебінің тренері. Қосымшы білім беру жүйесі үшін бұл жаңа да қызықты жоба. Мемлекеттік білім беру мекемесі Жеке қайырымдылық қорымен серіктесе отырып, жүзе асырылып отырған бұл жоба Республикамызда бұрын соңды болмаған десек артық айтпаймыз. Инклюзивті қосымша білім беру бөлімі Республикадағы ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған қолда бар мемлекеттік стандарттармен әлемдік тәжірибені негізге ала отырып жұмыс атқаратын бірден-бір ресурстық орталық. Инклюзивті қосымша білім беру бөлімінің жұмысы әрбір жаңа оқу жылы сайын дамып, жетілу үстінде. Алғашқы құрылған кезінде орталықтың жұмысы балаларға тек бейімделу, әлеуметтік ортаға үйрену жұмыстарына мән берсе, қазір арнайы дамыту-коррекциялық бағыттардағы жұмыстарда атқарылуда. Әлемдік тәжірибеге, сонымен қатар ұжымдағы педагог мамандардың білімі мен тәжірибесіне сүйеніп 5 бағыттан тұратын міндетті үйірмелер кешені құрылып өз жұмысын бастаған орталық, бүгінде балалармен жұмыс жасаудағы нәтижелеріне, жеке тәжірибелеріне сүйене отырып, жаңа үйірмелерді іске қосуда. Жаңа үйірмелер балалардың тұрмыстық дағдыларды меңгеруіне, шығармашылық белсенділіктерін арттыруларына және мектеп алды даярлықтарын арттыруға көмектеседі. Әрбір жаңа оқу жылында балалармен атқарылатын іс-шаралардың да саны артып келеді, орталықта балалар білім, дағдылармен қатар өздерін еркін сезініп, ән айтып және би билейтін дәрежеге жетті. Балалар үйірмелерге қатысу арқылы, жаңа дағдыларды үйреніп қана қоймай байқауларға қатысып, марапаттарға ие болуда. Аутистік спектрдің бұзылыстары бар балалар үшін бұл үлкен жетістік болып саналады және басқа да балалар үшін үйірме жұмысына келуге мықты мотивация болары хақ. Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың дамуына қолайлы орта қалыптастыру үшін тек баламен жұмыс жасау жеткіліксіз. Ең алдымен осы ортаны қалыптастыратын педагог мамандарды даярлап, біліктілігін арттыру қажет және сол мамандардың кәсіби тоқырауға ұшырамауы үшін жағдай жасау аса маңызды. Осы тұрғыда Камила Серікқызы бөлім қызметкерлері үшін тренингтер өткізіп, ішкі мотивациаларын арттыру шараларын үздіксіз ұйымдастырады. Сонымен бірге, ата-аналарға арналған тренингтер, топтық жұмыстарды жүйелі түрде өткізіп келеді. Жиналған тәжірибелердің негізінде «Қосымша білім беру жағдайында АСБ және ілеспе диагнозы бар балалар үшін оқу-дамыту кеңістігін ұйымдастыру» атты әдістемелік құрал жазылып, баспадан шықты. Негізгі үйірмелер топтамасына кіретін «Тіл дамыту», «Қызықты математика», «Айналадағы әлем», «Қол өнер», «Бейімді дене тәрбиесі» үйірмелері бойынша элективті курстар жазылып қорғалды. Төлендиева Камила Серікқызы жас мамандарға өзі үлгі-өнеге көрсете отырып, ұжымда тәлімгерлік дәстүрді қалыптастырды. Инклюзивті қосымша білім беру бөлімінің қызметкерлері - жұмыстарының ауырлығына қарамастан әркез достық, жолдастық қатынаста, бір-біріне жанашыр, білмегенді үйретуге дайын тұрады. Жұмыспен қатар, өз білімдерін дамытып, қосымша курстардан білім алып, жетілу үстінде. Бөлім басшысы ретінде өзі ізденімпаз болғандықтан, ұжым қызметкерлерінің де өз білімдерін толықтырып отыруларына көңіл бөледі. Сондықтан да ұжымдағы қызметкерлердің саны жоғары біліммен қатар, магистр атағына ие, қосымша білім беру бойынша арнайы білім алған мамандармен артып келеді.
Comments