2021 жылғы 6 желтоқсан күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бастамасымен құрылған «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы биыл 18 жылдығын атап өтті.
2003 жылы Шымкент қаласына қарасты 6506 әскери бөлімінің командирі полковник Жақсылықов Руслан Фатихұлының (қазіргі таңда генерал-лейтенант, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы) бастамасымен бөлімнің әскери-патриоттық клубы құрылды. Аталмыш бұйрық желтоқсан айының 6 жұлдызында жарық көріп, сол күн «Жас бүркіт» клубының туған күні болып аталды.
Әскери-патриоттық клуб жетекшісі болып сол кездегі 6506 әскери бөліміндегі жасақ командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген бапкері, халықаралық деңгейдегі спорт шебері, күрең берет иегері, подполковник Ахашов Арман Сапаралыұлы тағайындалды.
– Әрбір бастама бір нәтиже беру үшін, жетістікке қол жеткізу үшін біраз тер төгуді қажет етеді. Бұл – үлкен істің басы ғана еді. Тәрбиенің отбасынан басталатыны даусыз. Оның қаншалықты маңызды екені де белгілі. Міне, біз балаларды жастайынан әскери-патриоттық тәрбиеге баулуды көздедік. Әскери отбасы дегенді қалыптастыруға тырыстық. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іліеді» деген мақал бар. Яғни болашақ Отан қорғаушыларды жас жеткіншек кезінен соған тәрбиелеу мақсатын ұстандық. Біздің мүдде – балаларды өз елінің патриоты етіп, еліне қызмет ететін азаматтар етіп дайындау болатын. Иә, мұның барлығы ойдағыдай болып, қоғамда өз қолдауын тауып, әскери-патриоттық клубымыз алға басты, – деп «Жас бүркіт» клубының жетекшісі Арман Сапаралыұлы атап өтті.
Comments