Ертіс өңірінде құқық қорғау органдарының бастамасымен «Жастар және заң» кешенді жобасы қолға алынды.
Мақсат – оқушылар мен студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру және жасөспірімдер арасындағы заңбұзушылықтардың алдын алу. Қазіргі уақытта прокурорлар бекітілген жоспарға сәйкес пікірталас, сот отырысы, дәріс форматындағы шараларды өткізіп жатыр. Оқушылар да өз тарапынан ұсыныстарын білдіріп, құқықтық білімдерін молайтады. Бұған дейін жоғары оқу орындарының бірінде криминалистік оқу полигоны ашылған еді. Алдағы уақытта болашақ заңгерлерге арнап сот кабинетін жабдықтау көзделіп отыр.
Әсел Бейсембаева, Павлодар қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры:
- Балаларға ақпарат қызықты болу үшін дәріс оқып, баяндама жасау жеткіліксіз. Қызығушылығын ояту үшін түрлі тәсілдерді пайдаланамыз. Мәселен, сабақтарды сот отырысы, пікірталас, тергеулер түрінде өткіземіз. Сонда оқушылар мәліметтерді жақсы қабылдайды. Азаматтық белсенділігін, пікірін де тура айтуға үйренеді.
Comments