top of page

Ерболат Төлепбай «Ұмай ана» картинасын сатудан түскен 10 млн теңгені Түркияға аударды


– Танымал суретші Ерболат Төлепбай «Ұмай ана» картинасын сатудан түскен 10 млн теңгені Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетерлігі, суретші Түркиядағы апаттан кейін «Қазақ өнерінің Түркияға көмегі» акциясына ұйытқы болып, зергер, суретші, әнші, актер, ақын, жазушы сияқты мәдениет және өнер айдынында жүрген барша әріптестерін іс-шараға белсенді атсалысуға шақырған болатын.

«Жарияланған үндеуден кейін аукцион мәселесімен айналыстым. Үлкен аукционды күткенше біршама уақыт өтеді. Ал қазіргідей қиын кезеңде Түркия тарапы қыруар қаражатқа мұқтаж. Сол себепті жедел аукцион ұйымдастырдым. Оған негізінен Қанат Төлеметов бастаған бес жігіт атсалысты. Рүстем Қараев, Ержан Омаров, Виталий Ким, Азамат Сырғабаев секілді атымтай жомарттар бұл ұсынысты қостады», - дейді Ерболат Төлепбай.

Суретші аукционға «Ұмай ана» картинасын қойған соң оны жоғарыдағы есімдері аталған 5 жігіт бірігіп, 10 млн теңгеге сатып алған.

«Бұл өте сапалы салынған біртуар шығармамның бірі еді. Атымтай жомарт бес жігіт қосылып, аукцион кезінде картинаны 10 миллион теңгеге бағалады. Олар ақылдаса келе шығарманы да Түркия тарапына сыйлық ретінде тапсыруға шешім қабылдады. Содан Түркияның Алматыдағы Бас консульдығына барып, 10 миллион теңгені Түркиядағы апаттан зардап шеккен бауырларымызға көмек ретінде аудардық. «Ұмай ана» картинасын да табыстадық», - деді ол.


Дереккөзі: https://www.inform.kz/kz/erbolat-tolepbay-umay-ana-kartinasyn-satudan-tusken-10-mln-tengeni-turkiyaga-audardy_a4036054

Comments


bottom of page