top of page

БҚО-ДА МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ МИНИСТРЛІГІНІҢ МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ


Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылы мектебінің 9 сынып оқушысы Асылан Орахаев адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен батылдығы, батырлығы мен жанқиярлығы үшін «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапатталды.

Аслан ағысы қатты Жайық өзенінен досының өмірін құтқарып қалған ержүрек бала. Оқиға 19 шілде күні сағат 19.00 шамасында болған еді.

БҚО ТЖД мәліметінше, бұл оқиғаға Динара есімді ауыл тұрғыны куә болған. Сол күні Динара қызы Ақмаржанмен бірге суға түсу үшін Жайық жағасына келеді. Жағажайда күндегі толып жүрген адамдар жоқ, тым-тырыс болған. Бір кезде ауыл жақтан үш бала келеді. Олар – Шыңғыс, Асылан және Жантуған еді. Сәл әрірек барып, үшеуі суға шомыла бастайды. Біраз уақыттан кейін балалар жүрген жақтан қатты дауыс естілген. Алғашқыда ойнап жүрген шығар деп мән бермеген Динара көмек сұрап жанұшырған Шыңғысты көргенде қатты қорқып кетеді. Сол кезде Асылан досы Шыңғысты құтқаруға талпынып, екеуі бірге суға батып, біресе су бетіне шығып, біраз арпалысады. Ақыры Асылан Шыңғысты әрең дегенде жағаға сүйреп шығарады. Әлсіреп, су жұтып тұншыққан Шыңғыс өзіне-өзі келіп, досына ризашылығын білдіреді.

«Мен осы жасыма дейін өмір мен өлім арасында қиналған адамның жалынышты дауысын бірінші рет естіп тұрмын. Осындай сәтте бала болса да, тәуекелге барған Асыланның әрекетіне аналық көңіліммен алғыс білдіремін. Ол өз өмірін де ойламаған сияқты» деді оқиға куәгері Динара Шамұратқызы.

Кеше, 2021 жылғы 30 шілдеде БҚО ТЖД бастығының м.у.а. азаматтық қорғау полковнигі Р.Б.Блялов бүгінгі күннің батыры Асланмен және оның ата-анасынымен кездесіп, Төтенше жағдай Министрлігінің медалін табыстады. сондай-ақ көрсеткен ерлігі үшін Департамент жеке құрамынан алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті. Ата-анасына ұлына берген үлгілі тәрбиесі үшін алғыс айтып, батырдың өзіне оқуда жетістік пен алдағы өміріне сәттілік тіледі.

Елмұра АСХАТҚЫЗЫ,

zhaikuni.kz

Comments


bottom of page