top of page

Алматы әкімі қосымша білім беру жүйесі туралы айтты


ҚазАқпарат - Алматыда қосымша білім беру ұйымы балаларды 15-ші қыркүйектен бастап дәстүрлі форматта оқытуды бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы бүгін өтіп жатқан «Алматы білім беру форумында» қала әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты. Оның айтуынша, балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру үшін өткен жылдан бастап бірнеше жобалармен жұмыстар жүргізілуде. «Атап айтқанда, жұмыс істеп тұрған мектептен тыс ұйымдарды жаңғырту процесі басталды. Соның аясында өткен жылы ескі ғимараты бұзылып, №5 балалар музыка мектебінің жаңа заманауи ғимараты салынды. Биылғы жылы тағы 3 оқушылар үйін жөндеу жұмыстары басталды. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы дайындау сатысында тұр»- деді Б.Сағынтаев.

Биылдан бастап мегаполисте инновациялық шығармашылықтың 2 заманауи көпбейінді орталығының құрылыс жұмыстары басталады. Бүгінде Алатау және Наурызбай аудандарында жұмыс істеп тұрған оқушылар сарайын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

«Бұдан басқа, осы саладағы жеке сектормен ынтымақтастықты күшейтеміз және мектептен тыс жекеменшік ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға жергілікті бюджеттен қаражат қарастырдық. Осы мемлекеттік тапсырыс аясында 5 мың орын бөлінеді. Оның ішінде музыкалық бағытқа 600 орын және туристік-өлкетану, экологиялық-биологиялық, ғылыми-технологиялық, көркемдік және басқа да бағыттарға 4 мыңнан астам орын», - деді шаһар басшысы.

Сонымен қатар, қосымша білім беруге тек білім беру саласы ғана емес, сонымен қатар, бұл жұмысқа мәдениет және спорт басқармасы да белсенді түрде қосылғанын айту керек.

Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/almaty-akimi-kosymsha-bilim-beru-zhuyesi-turaly-aytty_a3828384

Comments


bottom of page